
Кеңес жұмысына Қоғамдық кеңестің төрағасы Юрий Лавриненко, Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы Замир Сағынов, Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, қоғам қайраткерлері мен кеңес мүшелері қатысты.
Отырыс барысында Автомобиль жолдары, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, азаматтық авиация комитеттері басшыларының 2018-2020 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау туралы баяндамалары тыңдалды.
Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Айбек Әлжановтың айтуынша, Азаматтық авиация комитеті 22 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Оның 20-ы автоматтандырылған түрде «Е-лицензиялау» арқылы қамтамасыз етеді.
«Бұл лауазымды тұлғаның қызмет алушымен тікелей байланысын болдырмайды. Біз сондай-ақ, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, менеджерлердің тәртібі мен жеке жауапкершілігін күшейту жұмыстарын жүргіземіз», - деп атап өтті Айбек Әлжанов.
ҚР ИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті құрылыстың сапасын жақсарту, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту мақсатында құрылыс саласын цифрландырмақ. Яғни, «Құрылыс саласының бірыңғай цифрлық порталын» құру арқылы құрылыс сапасын бақылауды автоматтандыру ұсынылды.
«Тапсырыс беруші осы порталға қажетті рұқсаттама құжаттары мен жобалық-сметалық құжаттамаларды жүктейді. Қалған құрылыс қатысушылары - мердігер, техникалық қадағалау, авторлық қадағалау электронды цифрлық қолтаңба көмегімен осы порталға кіре алады және олардың әрқайсысы өз құзыреті шегінде функцияларды жүзеге асырады. Бақылау және қадағалау органдары күн сайын мониторинг жүргізеді және жазбаша түрде ескерту бере алады», - деді комитет төрағасының орынбасары Алмас Ыдырысов.
Сондай-ақ, жүйеде орындалу пайызы мен кейінге шегерілуі туралы жоспарланған және нақты құрылыс кестесі қарастырылған. Пилоттық жоба тамыз айында іске қосылып, Астана қаласының үш учаскесінде жұмыс істеуде.
Автомобиль жолдары комитеті «Облжолаборатория» РМК үшін электронды есеп беру базасын әзірледі. Бұл жұмыс пен материалдардың сапасына сараптама жүргізу процесін автоматтандыруға мүмкіндік берді. Зертханалық сынақтар мен жұмыс орындарын бақылау-өлшеу шаралары жүргізілді.
Деректер базасында жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптау нәтижелері болашақта түзету мүмкіндігінсіз бір рет жазылады, бұл шара деректердың бұрмалану фактісін барынша азайтады.
Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пішембаевтың айтуынша, «Жол активтерін басқару жүйесі» ақпараттық жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Ол жолдың құрылыстан кейін де, жөндеуден өткен соң, сондай-ақ кепілдік кезеңінде де нақты техникалық жағдайын бағалау нәтижелерін ұсынуға мүмкіндік береді.
«Аспаптық зерттеулердің егжей-тегжейлі деректеріне негізделген бұл ақпараттық жүйе Комитетке жөндеу стратегиясына байланысты жолдардың қажетті көлемін және техникалық жағдайын болжауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті М.Пшембаев.
Қоғамдық кеңес қорытындысы бойынша, Комитеттерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қатаң сақтау керектігі айтылып, өз қызметтерін ашық жүргізу ұсынылды.





