
Қазақстандық делегацияның құрамына ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК және «Ұлттық аккредиттеу орталығы» ЖШС өкілдері кірді.
Отырыста жыл қорытындысы шығарылып, ұйым қызметінің өзекті мәселелері қаралды.
Қазіргі уақытта SMIIC шеңберінде 16 стандарттау жөніндегі техникалық комитеті жұмыс істейді, олардың алаңында 9 SMIIC стандарты әзірленді және бекітілді, сондай-ақ 36 жоба әзірленуде.
SMIIC алаңында талқыланатын басты тақырыптардың бірі Халал өнімдерді стандарттау және сертификаттау болып табылады.
Отырыста бірыңғай стандарттар талаптары бойынша Халал өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасын растауды қамтамасыз етудегі SMIIC-тің маңызды рөлі және Қазақстанда маңыздылығы бар Халал саласында бірыңғай халықаралық сапа инфрақұрылымын құру жөніндегі ұйымның негізгі міндеті айрықша белгіленді. Бұл ретте, SMIIC алаңы Халал бойынша аккредиттеу мәселелері бойынша 2 топқа бөлінді.
Бірінші топ Халал саласындағы стандарттар мен басқа да нормативтік құжаттарды әзірлеу және қабылдау процесіне тек Ислам елдері тартылуы тиіс, сондай-ақ тек Ислам елдері ғана сертификаттау жөніндегі органдарды тіркеуге құқылы болады деп есептейді. Екінші топ Халал нормативтік құжаттарын әзірлеу және қабылдау саласындағы процестерде, сондай-ақ аккредиттеу жүргізуге мұсылман емес мемлекеттерге де қатысуға мүмкін деген көзқарасты ұстанады.
Нәтижесінде SMIIC төрағасына вице-төрағалармен, мүше мемлекеттермен және бас хатшылықпен бірлесе отырып, SMIIC аккредиттеу жөніндегі Кеңес туралы ереженің жобасын әзірлеп, 2019 жылғы сәуірде Директорлар кеңесінің келесі отырысында қорытынды ақпаратты кейіннен келісу үшін ұсыну туралы шешім қабылданды.
Сонымен қатар, іс-шара аясында стандарттау жөніндегі ұлттық органдар (бұдан әрі - СҰО) және Сауд Арабиясы, БАӘ, Түркия, Малайзия және Иорданияның аккредиттеу жөніндегі органдары басшыларымен жұмыс кездесулері өтті, онда Халал өнімдерді стандарттау және сертификаттау саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Сауд Арабиясының Стандарттау, метрология және сапа жөніндегі ұйымының (SASO) губернаторы Қазақстанға Халал өнімдерді стандарттау және сертификаттау жөніндегі Сауд Арабиясының тәжірибесін зерттеуге жәрдемдесуге дайын екенін айтты.
Иорданияның өкілдері екіжақты кездесу барысында өзге елдермен Халал өнімдерін саудалаудағы техникалық кедергілерді барынша тиімді жою мақсатында SMIIC шеңберінде де, Халал өнімдерін аккредитациялау жөніндегі халықаралық форум IHAF шегінде де жұмыс жасауға болатынын белгіледі (SMIIC талаптары тек Ислам елдеріне ғана таратылады. IHAF мүшелері мұсылман және мұсылман емес елдер болуы мүмкін).
Түрік стандарттары институтының (TSE) өкілдері Түркияда Халал стандарттау және сертификаттау жүйесіне шолу жасап, Қазақстанда Халал сапа инфрақұрылымын құруға көмектесуге дайын екенін айтты.
«ҚазСтИн» РМК БАӘ және Малайзияның CҰО-мен стандарттарды аударуға, қабылдауға және таратуға лицензиялық келісімдер жасау туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Осы келісімдерді іске асыру, сондай-ақ SMIIC жұмысына қатысу Қазақстанда Халал өнімдері мен қызметтері бойынша озық халықаралық және шетелдік стандарттарды қолдануға және бейімдеуге мүмкіндік береді.