
Инвестициялар және даму министрлігі мен «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ-ның өкілдері әлем елдерінің павильондарында болды, онда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының түрлі цифрлық шешімдері мен жаңа технологиялары ұсынылды. Қазіргі уақытта ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен нысандарын пысықтау бойынша бірлескен жұмыс жүргізіп жатқан Siemens, Itron, Sagecom, MyHeat, Lowfoot, Triacta және KX компанияларымен кездесулер өткізілді.
«Биыл Smart Grid -«ақылды» қуат беру желілерінің технологиясын енгізу және дамыту іс-шараның басты тақырыбы болды. Бұл – барлық елдердің энергетикалық жүйесінің сенімділігі мен экономикалық тиімділігін арттыру, өндіріс пен энергияны тұтыну теңгерімін сақтау үшін дамыған елдерде қолданылатын түбегейлі жаңа тәсіл. Айта кету керек, Қазақстан да осы бағытта белсенді түрде дамып келеді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде – заңнама жетілдіруде, тұрғын үйді басқарудың заманауи әдістері, жаңа цифрлық технологиялар енгізілуде», – деді ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев.
Көрме барысында «ТКШ ҚазОрталығы» АҚDiehl Metering неміс компаниясымен және оның Қазақстан Республикасындағы ресми әріптесі «RMK Systems» ЖШС-мен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Diehl Metering компаниясы көптеген салалар үшін инновациялық технологияларды әзірлеп, шығаратын Diehl Group ұлтаралық компаниясының бір бөлігі болып табылады. Компания инфрақұрылымдық-тұрғын үй кешені саласында Франция, Германия, Дания, Испания, БАӘ, Қытай және басқа елдер сынды 12 елде ресурстарды есепке алу зияткерлік құрылғылары бар үйлер мен ғимараттарға арналған жобаларды іске асырды.
Diehl Metering-пен ынтымақтастық суды, газды, жылуды және электр энергиясын ұтымды пайдаланудың кешенді шешімдерін енгізу үшін бірлесіп жұмыс жасауды көздейді. ТКШ ҚазОрталығы» АҚ басқарма төрағасы Нұрсұлтан Жиенбаевтың айтуынша, бастапқы кезеңде жұмыс үш бағытта жүзеге асырылады.
«Бірінші - Астанадағы пилоттық жобаны іске асыру. Ол көп пәтерлі тұрғын үйді заманауи зияткерлік құрылғылармен нақты уақыт режимінде есепке алуды қадағалау үшін бағдарламалық өнімдерге қосылған ресурстарды пайдалануды өлшеу үшін жабдықтауды көздейді. Екінші - «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ қызметкерлерін оқыту және ресурстарды тұтынуды есепке алу үдерістерін цифрлау тәжірибесін беру. Үшінші бағыт - бюджеттік қаражатты қосымша пайдаланусыз Қазақстандық приборландыру бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ Diehl Metering өнімдері үшін тауар несиесін беру мүмкіндігін пысықтау. Нәтижесінде, Қазақстан Республикасы аумағында заманауи зияткерлік өлшеу құрылғыларының өндірісін орналастыру жоспарланып отыр», - деп атап өтті Нұрсұлтан Жиенбаев.
Магнитті сепараторлардың көмегімен суды тазарту технологиясын ұсынатын канадалық Black Powder Solutions компаниясымен жемісті кездесу өтті. Мұндай технологияларды пайдалану жылу және сумен жабдықтау жүйелерінің құбырларын пайдалану мерзімін ұзартады. Келіссөздер барысында Тараз бен Атырау қалаларында пилоттық жобаларды жүзеге асыру туралы келісімге қол жеткізілді. Сынақ ретінде пайдаланудың оң нәтижесі болған кезде Қазақстан Республикасы аумағында жабдық өндірісін орналастыру мүмкіндігі қарастырылатын болады.
Анықтама үшін:
European Utility Week - тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен қалалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ірі іс-шара. Іс-шара бизнестің, инновацияның, тәжірибе мен білім алмасудың алаңы болып табылады – сарапшылар жыл сайын стратегиялық талқылаулар, іскерлік мәселелерді шешу және тұрақты даму саласында өз мақсаттарына тиімді қол жеткізу үшін кездеседі. 2018 жылы European Utility Week 2018 жылдың 6-8 қарашасы аралығында Венада (Австрия) өтті.
Diehl Metering - Нюрнбергте штаб-пәтері бар Diehl Group халықаралық концернінің корпоративтік бөлімі. Бұл концернде бүкіл әлем бойынша 17200 адам жұмыс істейді, ал жылдық айналымы – 3,75 млрд. еуро. Diehl Metering бүкіл әлем бойынша ресурстық жеткізушілерді өлшеу және есепке алу құрылғыларымен, жүйелік және бағдарламалық өнімдермен қамтамасыз ете отырып, суды, жылу энергиясын және газды ұтымды пайдалану үшін кешенді шешімдер ұсынады. Компания зияткерлік есепке алу құрылғылары мен көп функциялы автоматтандырылған қашықтан оқу жүйесі (АМР) саласында, сондай-ақ жүйе технологиялары мен сумен жабдықтау және жылумен жабдықтау жобалары саласында жетекші орынға ие.
«Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» акционерлік қоғамы («ТКШ Қазорталығы» АҚ) инфрақұрылымдық-тұрғын үй кешенін (ИТК) жаңғырту және дамыту бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2009 жылы құрылды. Компания қызметінің негізгі бағыттары ИТК инвестициялық тартымдылығын арттыру, талдамалық және ғылыми зерттеулер жүргізу, ИТК саласында инновациялық технологиялар мен заманауи басқару әдістерін енгізу болып табылады.


