
Министр айтып өткендей, ұзындығы 304 шақырым болатын «Алматы-Қорғас» учаскесін реконструкциялау үшін жалпы сомасы 1 068 млн. доллар болатын негізгі қарыз туралы келісімге 2012 жылы 10 қазанда қол қойылды. Қазіргі уақытта аталған учаскеде құрылыс жұмыстары аяқталып, жол пайдалануға берілді.
«Конкурстық рәсімдер нәтижесі бойынша, сондай-ақ валюта бағамының өзгеруінен кейін үнемделген қаржы қалды. Үкімет үнемделген 490 млн.долларды «Орталық-Оңтүстік» дәлізінің «Балқаш-Бұрылбайтал» учаскесін реконструкциялауға жұмсауға шешім қабылдады», - деді Ж.Қасымбек.
Ол үшін жүргізілген мемлекет ішілік рәсімдердің негізінде 2018 жылғы 23 мамырда Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Келісім-хатқа қол қойылды.
Жоба ұзындығы 297 шақырым болатын асфальт бетонды 4 жолақты жолдың құрылысын қарастырады. (оның ішінде Гүлшат және Сарышаған елді мекендердің айналма жолы, 21 көпір, өтпе жол және жол айырығы).
Аталған жобаны үнемделген қаражат есебінен іске асыру көзделгендіктен, негізгі қарыз сомасы және тиісінше қарыз алушының міндеттемелері өзгермейді. Жобаны іске асыру мерзімі 2019-2021 жылдарға жоспарланған.
Фото ашық ақпарат көзінен