ҮКІМЕТТЕ ТЕХНИКАЛЫҚ РЕТТЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

ҮКІМЕТТЕ ТЕХНИКАЛЫҚ РЕТТЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында техникалық реттеу мәселелері бойынша баяндаған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

Оның айтуынша, заңдар ішкі нарықта өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен экспортқа жағдай жасау мақсатында қабылдынды.

«Стандарттау туралы қабылданған заң еуропа елдерінің тәжірибесіне негізделген және стандарттаудың халықаралық үлгісіне өтуге жағдай жасайды. Ол стандарттау бойынша жұмыстардың бірыңғай операторы ретінде Ұлттық стандарттау органын белгілеп, ұлттық стандарттау жүйесін құру, «мемлекет-бизнес-тұтынушы» арасында стандарттарды консенсустық талқылау орталығы ретінде стандарттау жөніндегі техникалық комитеттер мәртебесін арттыру, бірыңғай талаптарды белгілеу мақсатында техникалық ерекшеліктер арқылы мемлекеттік сатып алуда, салалық заңнамада стандарттарды, оның ішінде сапасы бойынша қолдану аясын кеңейту мәселелерін қамтиды», - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Бұдан бөлек, Индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының үшінші бесжылдығының міндетін іске асыру аясында стандарттарды әрбір тауарлық топ бойынша анықтау болжануда. Бұл өндірушілерді жоғары сапаға бағдарлауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» салалық Заңның түзетулері өлшем құралдарын калибрлеуді дамытудың халықаралық үлгісін енгізуге бағытталған.

«Бұл салада мемлекет басымдыққа ие болды және приборларды салыстырып тексеру мерзімін белгіледі. Жаңа үлгі бизнестің қатысуымен салалық мемлекеттік органдардың Өлшем тізбесін тек мемлекеттік реттеу қажет салаларда ғана құру мен бекітуді көздейді. Бұл ішкі технологиялық процестерді мемлекеттік бақылаудан шығаруға мүмкіндік береді», - деді министр.

Сонымен қатар, министрлік аккредиттеуді жүргізу процесін толықтай автоматтандыруға көшіруді жоспарлап отыр. Бұл көрсетілетін қызметтердің ашықтығын, жылдамдығын және сертификаттау процестерінің барлық кезеңдерін қадағалауды қамтамасыз етеді. Мұндай тәжірибе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде бар.