
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Ресей Федерациясы Федералды Жиналысының Федерация Кеңесі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның 16-шы кеңейтілген отырысы аясында Ресей-Қазақстан мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу бекеттерін 2025 жылға дейін дамыту мәселесі қаралды.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов бейнеконференция форматында өткен кездесу қатысушыларына қазіргі жағдай мен қос ел арасындағы өткізу пункттерін жаңарту жоспарлары туралы айтты.
Сонымен, Қазақстан-Ресей шекарасында күн сайын 10 мыңнан астам көлік құралы өтетін 30 автомобильдік өткізу бекеті бар, ал жолаушылар ағыны 28 мың адамды құрайды. Тығыздық проблемасын шешу үшін 27 өткізу бекетін реконструкциялау қажет.
Биыл министрлік бірінші кезекте тұрған 6 өткізу пунктісін реконструкциялау бойынша жобаларды әзірлеуді бастады: Сырым, Тасқала, Қосақ, Үрлітөбе, Жаңа жол және Әлімбет.
Қалған өткізу бекеттерін 2025 жылдың соңына дейін кезең-кезеңмен реконструкциялау жоспарланған.
Реконструкциялау аумақтарды ұлғайтуды, қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстарды модернизациялауды, заманауи стационарлық инспекциялық-тексермелеу кешендерін сатып алуды, төлқұжаттық тексеру аймағын ұлғайтуды және автокөлік құралдарына арналған ағындарды бөле отырып, қозғалыс жолақтарының санын арттыруды көздейді.
Реконструкциядан кейін көліктерді өткізу қабілеттілігі 2 есеге, ал жолаушылар ағыны 4 есеге артады.
Бұдан бөлек, Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасында 20 теміржол және 1 өзен өткізу пунктісі бар.
2020 жылдың қорытындысы бойынша жүк тасымалдау көлемі жылына 72 млн тонна жүкті, ал жолаушылар ағыны жылына 660 мың адамды құрады.
2023 - 2025 жылдар аралығында 11 теміржол өткізу бекетін 2 кезеңде реконструкциялау жоспарлануда.
Министр 2019 жылы Қазақстан мен Ресейдің XVI өңіраралық ынтымақтастығы форумы аясында Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Ресей Федерациясының Көлік министрлігі өкілдерімен өткізу бекеттерін дамыту бойынша бірлескен іс-қимылдар бағдарламасына қол қойылғанын баса жеткізді. Бағдарламаға 2020-2025 жылдарға арналған Ресей-Қазақстан мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерін дамытудың Жол картасы деп аталатын бірлескен іс-шаралар жоспарын бекіту, сондай-ақ оңайлатылған өткізу пункттерінің мәртебесін екі жақты етіп өзгерту кіреді. Қазақстандық тарап қол қойған Жол картасы Ресей Федерациясының Көлік министрлігіне сонау 2019 жылы жіберілген болатын.
Анықтамалық:
Автокөлік өткізу бекеттерін кезең-кезеңмен реконструкциялау:
1 кезең: 2021-2022 жылдары 6 өткізу бекеті: Сырым-Маштаково, Тасқала-Озинки, Әлімбет-Орск, Үрлітөбе-Ольховка, Жаңажол-Петухово, Қосақ-Павловка
2 кезең: 2022-2023 жылдары 6 өткізу бекеті: Қарақоға–Исилькуль, Шаған–Теплое, Құрманғазы–Караузек, Үбе–Михайловка, Шарбақты–Кулунда,Қызылжар–Казанское.
3 кезең: 2023-2024 жылдары 6 өткізу бекеті: Қайрақ-Бугристое, Ауыл - Веселоярск, Бидайық–Одесское, Жәнібек–Вишневка, Ақсай–Илек, Қондыбай–Комсомольский.
4 кезең: 2023-2024 жылдары 5 өткізу бекеті: Аят–Николаевка, Ақбалшық–Воскресенское, Найза–Павловка, Жезкент –Горняк, Қоянбай-Малиновое озера.
5 кезең: 2024-2025 жылдары 4 өткізу бекеті: Байтанат–Топольное, Амангелді–Невольное, Обаған-Зверино-Головское, Желқуар – Мариинский.