2018 ЖЫЛЫ ҚР ИИДМ ЖЕТЕКШІЛІК ЕТЕТІН САЛАЛАР ТҰРАҚТЫ ӨСІМГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

2018 ЖЫЛЫ ҚР ИИДМ ЖЕТЕКШІЛІК ЕТЕТІН САЛАЛАР ТҰРАҚТЫ ӨСІМГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

Алқа мәжілісі отырысында Индустрияландыру, «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру, сондай-ақ шикізаттық емес экспортты, техникалық реттеуді, геология және жер қойнауын пайдалануды, көлік және логистиканы, азаматтық авиацияны, құрылыс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, инновация мен өнеркәсіпті цифрландыруды ілгерілету мәселелері қаралды. Министрліктің алқа мәжілісіне ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек, ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Министр Жеңіс Қасымбек атап өткендей, 2018 жылдың қорытындысында барлық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Өнеркәсіп 4,1%-ке өсті, соның ішінде тау-кен 4,6%-ке, өңдеу өнеркәсібі 4%-ке өскен.

«Өңдеу секторындағы өсімнің негізгі драйверлері - металлургия +2,2% (соның ішінде түрлі-түсті металлургия+5,4%), машина құрастыру+ 14,1% (соның ішінде автомобиль құрастыру+ 40,4%), химия  өнеркәсібі +8,1%, жеңіл өнеркәсіп +4,4% болып табылады. 2018 жылы жалпы сомасы 1,3 трлн. теңге болатын 100-ден астам жоба іске қосылып, 13 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. 2019 жылы жалпы сомасы 1,1 трлн теңге болатын 120 жобаны іске қосып, 20 мың тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отыр», - деп хабарлады министр.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін және «қарапайым заттар экономикасын» дамыту мақсатында отандық кәсіпорындарды қолжетімді несиелендірудің ерекше шарттары мен механизмдеріне 600 млрд. теңге қарастырылатын болды, оның 400 млрд теңгесі өңдеу өнеркәсібіне бағытталады. Қабылданған шаралар қазақстандықтар күнделікті тұтынатын 250-ге жуық тұтыну тауарларының өндірісін бастауға және ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл жеңіл өнеркәсіп, жиһаз өнеркәсібі, сондай-ақ құрылыс материалдары.2018 жылы көлік қызметінің көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 4,6%-ке артты. Ел аумағы арқылы барлық көлік түрлерімен тасымалданған транзиттік жүктің көлемі 6%-ке өсіп, 19,2 млн. тоннаны құрады.

«Қазақстан арқылы өтетін транзитті контейнерлік тасымал көлемі тұрақты өсіп келеді. 2018 жылы контейнерлік тасымал көлемі 537,4 мың ЖФЭ-ті құрады. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 55%-ке артық. Соның ішінде Қытай-Еуропа-Қытай бағыты бойынша көрсеткіш 54,6%-ке өсіп, 310,8 мың ЖФЭ-ті құрады. 2019 жылы контейнерлік тасымал көлемін екі есеге, яғни 1,2 млн ЖФЭ-ке дейін арттыру жоспарланып отыр. Осылайша, бүгін Қазақстанды Еуразия орталығында қалыптасқан транзиттік хаб деп айтуға болады», - деді Жеңіс Қасымбек.

2019 жылы республикалық маңызы бар 4,4 мың км жол қайта жаңғыртылатын болады.

«Жыл соңында 654 км жолда қозғалысты ашу жоспарлануда. Республикалық маңызы бар 1,7 мың км автожолды жөндеу жоспарланып отыр. Оның ішінде 518 км жолға күрделі жөндеу, 1 190 км автожолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жергілікті желідегі 4 мың км жол жөнделеді. Өткен жылдың тенденциясы сақталған жағдайда, 2025 жылға қарай жергілікті жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 85%-ке дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ол шамамен 60 мың км жол», - деді бірінші вице-министр Роман Скляр.

Халықаралық әуе тасымалы саласында тұрақты даму байқалады. Егер 2013 жылы ұшу бағыты 73 болса, 2018 жылы олардың саны 96-ға дейін өсті. Тек 2018 жылы қазақстандық және шетелдік әуе компаниялар 14 әуе бағытын ашты. Қазіргі уақытта Қазақстанға 23 шетелдік әуе компания тұрақты халықаралық жолаушылар рейсін орындайды.

2018 жылы құрылыс саласында оң динамикалық өсім байқалады. 2017 жылдың деңгейімен салыстырғанда өсім 4,1%. Тұрғын үй құрылысының инвестициясы 8,1%-ке артты (1,2 трлн. теңге). Рекордтық 12,5 млн. шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2017 жылдың деңгейінен 12,1%-ке жоғары. 113 мың отбасы баспаналы болды.

«2019 жылы 13 млн. шаршы метр тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Осының арқасында 118 мың отбасы жаңа баспанамен қамтамасыз етіледі. Оның ішіндегі 22 мың пәтер (1,2 млн.кв.м) мемлекет қаржысы есебінен салынады», - деді вице-министр Қайырбек Өскенбаев.

Оның айтуынша, тұрғын үй және ипотекалық бағдарламалар аясында жүзеге асырылып жатқан қолдау шаралары құрылыс саласының дамуын ынталандырды. Атап айтқанда, жаңа тұрғын үйлер салынады, жаңа жұмыс орындары ашылады, отандық өндірушілердің құрылыс материалдары мен экономиканың онымен байланысты салаларының өндіріс көлемі өседі (жиһаз өндірісі, тұрмыстық техникалар мен жабдықтар).

Алқа отырысының соңында ҚР Премьер-министрінің бірінші оынбасары Асқар Мамин бірқатар нақты тапсырмалар берді.