ҚР ИИДМ СУМЕН ЖАБДЫҚТАУ ЖӘНЕ СУ БҰРУ СЕКТОРЫН ЖАҢҒЫРТУДЫҢ ЖАҢА ТӘСІЛДЕРІН ӘЗІРЛЕУДЕ

ҚР ИИДМ СУМЕН ЖАБДЫҚТАУ ЖӘНЕ СУ БҰРУ СЕКТОРЫН ЖАҢҒЫРТУДЫҢ ЖАҢА ТӘСІЛДЕРІН ӘЗІРЛЕУДЕ

"Халықты ауыз сумен және су бұру қызметтерімен қамтамасыз ету мәселесі Үкімет қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Осы міндетті орындау үшін тиісті салалық және Мемлекеттік бағдарламалар – 2002-2010 жылдарға арналған "Ауыз су", 2011-2020 жылдарға арналған "Ақ бұлақ" іске асырылуда, ол кейіннен "Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасына" және "Нұрлы жол" инфрақұрылымдық дамытудың мемлекеттік бағдарламасына ықпалдастырылды", - деді Қайырбек Өскенбаев.

Вице-министрдің айтуынша, егер бірінші "Ауыз су" бағдарламасы қолданыстағы жүйелерді қалпына келтіруге және қолдауға бағытталса, "Ақ бұлақ" бағдарламасы басталған кезден сумен жабдықтау және су бұру секторын дамытудың жүйелі тәсілі енгізілді. Бұдан басқа, техникалық зерттеулер жүргізілді және елдің 54 қаласының инвестицияларының негіздемесі әзірленді.

"Сонымен қатар, ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасына сәйкес Министрлік сумен жабдықтау және су бұру секторын одан әрі жаңғыртудың тұжырымдамалық жаңа тәсілдерін пысықтауда. Бұл мәселеде қалалардағы кәріздік-тазарту құрылыстарын кешенді жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. Өткен аптада жаңа тәсілдердің тұжырымдамасы Премьер-Министрге таныстырылып, мақұлданды. Бұл тәсілдер "Нұрлы жер" ТКШ - ын дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында секторды дамытудың келесі кезеңінің негізі болады, оған алдыңғы бағдарламалардың іс-шаралары да өтеді", - деп атап өтті Қайырбек Өскенбаев.

Анықтама: ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 417 сумен жабдықтау және су бұру жобасын іске асыруға 143,1 млрд.теңге, оның ішінде Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша 126,5 млрд. теңге 411 жобаны іске асыруға (қалаларда 55 млрд. теңге сомасына 86 жоба, ауылдарда 71,5 млрд. теңге сомасына 325 жоба), "Нұрлы Жол" бағдарламасы бойынша 16,6 млрд. теңге 6 жобаны іске асыруға көзделген.

2019 жылы ауылдарда орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділікті 62% - ға дейін арттыру, ал қалаларда халықтың 97% - ын қамтамасыз ету жоспарлануда.

2025 жылға қарай ауылдардың 80% - ын және қалаларда 100% - ын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Тұтастай алғанда ел бойынша барлық халықтың 90,2% - ы немесе 16,5 млн. адам орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізе алады,оның ішінде қалаларда – 10 млн. адам, ауылдарда – 6,5 млн. адам.

Өңірлерді дамыту мемлекеттік бағдарламасында ауылдарда орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету көрсеткіші ауыл саны бойынша есептеледі.

6 499 ауылдың 3 892 ауылында орталық сумен қамту бар. 1,2 млн. адам халқы бар 2 607 ауылда орталық сумен жабдықтау жоқ.