ҚР ИИДМ басшысы ТРАСЕКА Бас хатшысымен кездесті

ҚР ИИДМ басшысы ТРАСЕКА Бас хатшысымен кездесті

2021 жылғы 24 мамырда Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ТРАСЕКА үкіметаралық комиссиясының Бас хатшысы Әсет Асаубаевпен кездесті.

Кездесуде ТРАСЕКА халықаралық көлік дәлізін дамытуға қатысты өзекті бастамалар мен бірқатар құжаттарды Қазақстанда іске асыру жайы талқыланды.

Бас хатшы қазіргі уақытта Тұрақты хатшылық тасымалдау процесі мен шекарадан өту рәсімдерін жеңілдетуге арналған институционалдық шаралар мен тәжірибелік қадамдарды қамтитын бірқатар бастамамен жұмыс белсенді жүргізіліп жатқанын хабарлады. Атап айтқанда, пандемия жағдайында елдердегі ахуал мен қызметтер туралы уақытылы және сенімді ақпарат алу бағытында жасалған жұмыстарға тоқталды. Ол үшін ТРАСЕКА сайтының info.traceca-org.org жеке парақшасы ашылды. Онда тасымалдаушылар дәліз бойында орналасқан елдердегі жағдай туралы, ПТР-тест тапсыратын орындар, сондай-ақ тасымалдау шарттары туралы ақпаратты таба алады.

Министр Бейбіт Атамқұлов өз кезегінде ТРАСЕКА өңірінде "Ashyq" қосымшасын қолдану тәжірибесін кеңейтуді ұсынды. Ол жоба Қазақстанда пилоттық жоба ретінде табысты іске асырылды. ПТР тесті негізінде науқастарды есепке алу арқылы карантиндік шаралардың сақталуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ шекарадан өту кезінде тест нәтижелерінің растығын арттырады.

Әсет Асаубаев ТРАСЕКА елдері пысықтап жатқан бастамалар қатарында контейнерлік тасымалдарды дамытуға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстарды атап өтті. Министр Қазақстан ТРАСЕКА дәлізінің бағыттары бойынша контейнерлік тасымалдарға жәрдемдесу үшін бәсекеге қабілетті тариф қойылатынын жеткізді. Осы тұрғыда ТРАСЕКА-ның басқа елдерінің өз аумақтары бойынша жеңілдікті тарифтер ұсынуға дайындығы маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Кездесуге қатысушылар ТРАСЕКА дәлізінің бағыттары бойынша тасымалдарды дамыту үшін қолайлы жағдай жасау жұмыстарын одан әрі жандандыру қажеттігіне назар аударып, мазмұнды кездесу үшін бір-біріне алғыс білдірді.

Анықтама үшін:

ТРАСЕКА үкіметаралық комиссиясы өңірлік көлік қатынасын нығайтуға және экономиканың белсенді дамуына ықпал ететін тиімді және сенімді халықаралық Еуразиялық көлік байланыстарын қамтамасыз етуге ықпал ететін барлық бастамаларға ашық.

ТРАСЕКА дәлізі сауда-экономикалық дамудың біртіндеп дамып келе жатқан үрдістеріне қатысады. Дәліз арқылы өтетін негізгі жүк ағыны бір жағынан Батыс және Орталық Еуропада, екінші жағынан Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азияда қалыптасады.

Елдер өңірлік ынтымақтастықты тереңдетуге және тасымалдарды дамытуға мүдделі болғандықтан, олар үшін ТРАСЕКА дәлізі тартымды болып отыр.