РОМАН СКЛЯР ХАЛЫҚТЫҢ ОСАЛ ТОПТАРЫНА ТҰРҒЫН ҮЙМЕН МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ ШАРАЛАРЫ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕЛЕДІ

РОМАН СКЛЯР ХАЛЫҚТЫҢ ОСАЛ ТОПТАРЫНА ТҰРҒЫН ҮЙМЕН МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ ШАРАЛАРЫ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕЛЕДІ

"Нұрлы жер" бағдарламасы аясында көп балалы отбасылар үшін тұрғын үй салу мен сатып алуды қаржыландыру қарастырылған. Республикалық бюджеттен жылына 50 млрд.теңгеден немесе 7 жыл ішінде 350 млрд. теңгеден бөлу жоспарланып отыр. Жыл сайын 6 мың көп балалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. 7 жыл ішінде бұл 40 мың отбасы қамтылады. Биылғы жылдың мамыр айынан бастап 1480 көпбалалы отбасына тұрғын үй берілді", - деп хабарлады Роман Скляр ҚР Үкіметінің отырысында.

Бұдан басқа, жұмыс істейтін жастардың еңбек ұтқырлығын қамтамасыз ету үшін Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 2019-2021 жылдары жылына 1 мың жалға берілетін пәтер салу жоспарлануда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға қаржыландыру көлемі ұлғаюда. Бұл бізге 2019, 2020 және 2021 жылдары 3 мың жалдамалы пәтерді жұмысшы жастарға беруге мүмкіндік береді.

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі көп балалы, толық емес отбасылар мен мүгедек балалары бар отбасыларға тұрғын үй сатып алуға 10% бастапқы жарнасымен және жылдық 2% жеңілдікті несие беруді бастайды. Осы мақсаттар үшін 3 жыл ішінде 150 млрд.теңге бөлу көзделген. Жыл сайын 6 мың отбасы әлеуметтік қолдауға ие болады", - деп атап өтті Роман Скляр.

Ведомство басшысының мәліметінше, Ұлттық банкпен бірлесіп жалға берілетін тұрғын үйді дамытуға жеке инвестициялар тарту тетігі пысықталуда,соның есебінен қосымша тағы 10 мың жалға берілетін пәтер салынып, жылына 20 мың отбасына дейін тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар, министрдің ақпараты бойынша, әлеуметтік тұрғын үйді бөлу тетіктерін жетілдіру және осы процестердің ашықтығын арттыру мақсатында кезекте тұрғандардың Бірыңғай республикалық автоматтандырылған деректер базасы құрылуда. Бұл азаматтарға онлайн режимінде өз кезегінің жылжуын бақылауға мүмкіндік береді.

"Жалпы қабылданған шаралар қысқа мерзімде тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешуді қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары уақтылы және толық көлемде орындалады", - деді Роман Скляр.