
2019 жылғы 4 шілдедегі жағдай бойынша Түркістан облысы Арыс қаласында 180 тұрғын үй қалпына келтірілді. Жұмыстар 875 үйде жүргізілуде. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.
Арыс қаласындағы үйлердің 85% - ы жөндеуді қажет етеді. Елбасының және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық бүлінген және бұзылған объектілер 2019 жылдың 1 тамызына дейін тапсырылуы тиіс. Осыған байланысты күн сайын қаланың тұрғын үй қорын қалпына келтіруге тартылған мамандар саны өсуде. Бүгінгі таңда Арыс қаласында Қазақстанның барлық аймағынан 118 компанияның 2116 құрылысшысы (өткен тәулікте 1546 құрылысшы) еңбек етуде. Бір тәулік ішінде арнайы техника саны 86-дан 111-ге дейін артты.
Вице - министр Қайырбек Өскенбаев бастаған жұмыс тобы қазір Арыс қаласында. Жақында ол Арыс қаласының тұрғындарымен кездесіп, барлық үйлерді бақылауда және күнделікті мониторингте ұстайтынын хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, Арыс қаласын 17 секторға бөлу арқылы еліміздің барлық өңірлері мен Республикалық маңызы бар қалаларына бекітіп берілді. Тұрғын үйлерді қалпына келтіру бойынша шығындардың бір бөлігін бекітілген жергілікті атқарушы орган өзіне алады, шығындардың қалған бөлігі республикалық бюджет қаражаты есебінен жабылады. Күн сайын сағат 19.00-де барлық әкімдіктер тұрғын үй қорын жөндеу бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндайды.
2019 жылғы 3 шілдедегі жағдай бойынша Түркістан облысы Арыс қаласында 136 тұрғын үй қалпына келтірілді. Күн сайын, ағымдағы айдың басынан бастап құрылысшылар ондаған үйді қалпына келтіріп, пайдалануға тапсырады.


