
ҚР Премьер-Министрі Арыс қаласында жұмыс сапарымен болып, зақымдалған үйлерді, әлеуметтік нысандар мен инженерлік желілерді қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Нысандарды тексеру қорытындысы бойынша Асқар Маминнің төрағалығымен кеңес өтті. Жүргізілген жұмыс туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің вице-министрі Қайырбек Өскенбаев баяндады.
"Қазіргі уақытта барлық секторлар жұмыстармен қамтылған, жөндеу жұмыстары 676 ЖТҚ-да (Ақтөбе – 236, БҚО – 162, Нұр-сұлтан – 80, СҚО – 47, Қызылорда – 41, Шымкент – 31, Жамбыл – 21, Ақмола – 18, Маңғыстау – 12, Қостанай – 12, Алматы – 9, Қарағанды – 5, Атырау – 2) аяқталды және тағы 3 040 үйде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нысандарда 190 құрылыс компаниясы, 4 699 қызметкер мен 207 арнайы техника жұмылдырылған", - деді Қайырбек Өскенбаев.
ҚР ИИДМ вице-министрі әлеуметтік нысандарға тоқталды. Арыс қаласында барлығы 66 әлеуметтік нысан бар, оның ішінде: 54 – білім беру, 8 –денсаулық сақтау, 4 – спорт мекемелері
"Барлық әлеуметтік нысандар бүлінген, олардың 62-і күрделі жөндеуден өтіп, 4-і "Самұрық-Қазына"АҚ қаражаты есебінен толық қалпына келтіріледі. Жұмыстар 62 объектіде жүріп жатыр (білім беру – 53, денсаулық. – 6, спорт - 3), нысандарда 30 компания, 1 372 құрылысшы және 57 арнайы техника жұмыс істейді", - деді Қайырбек Өскенбаев.
Алдағы аптада 600-700 жұмысшыларды тарта отырып, қосымша күштер жұмылдырылады. Естеріңізге сала кетейік, Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық бүлінген және бұзылған нысандар 2019 жылдың 1 тамызына дейін тапсырылуы тиіс.