ҚАЙЫРБЕК ӨСКЕНБАЕВ АРЫС ҚАЛАСЫНДА ЖУРНАЛИСТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

ҚАЙЫРБЕК ӨСКЕНБАЕВ АРЫС ҚАЛАСЫНДА ЖУРНАЛИСТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Іс-шараға республикалық БАҚ өкілдері, Түркістан облысы мен Шымкент қаласының журналистері мен блогерлері қатысты.

Бірінші кезекте олар Павлодар облысының секторында болды. Жергілікті әкімдік мұнда 311 үйді, оның ішінде 5 көппәтерлі үйді жөндеуге кірісті. Көп қабатты үйлерді бір апта ішінде тапсыру жоспарланып отыр. 1 тамызға қарай Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы сектордағы қалпына келтіру жұмыстары толығымен аяқталады,-деді журналистерге Қайырбек Өскенбаев.

"Бүгінгі таңда қаланы қалпына келтіру жұмыстарының 60% -тен астамы жүріп жатыр. 6 мыңнан астам құрылысшы тұрғын үй қорын қалпына келтіру үстінде. Жұмысшылар саны артып келеді, олар күн сайын 150-200 үйден тапсырады",-деп хабарлады ҚР ИИДМ бірінші вице-министрі.

Сондай-ақ журналистер 300 орындық И.Журба атындағы орта мектепке барды. Әскери полигонда жарылыс толқынынан ғимараттың шатыры зақымдалып, әйнектері ұшып кеткен. Қазір мұнда жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жұмыстар оқу жылының басында толық аяқталады.

"1 мыңнан астам құрылысшы Арыстың әлеуметтік нысандарын қалпына келтіруде. Әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын "Самұрық-Қазына" АҚ толығымен өз мойнына алды",-деді Қайырбек Өскенбаев.

Арыс бойынша баспасөз туры барысында журналистер Атырау облысының құрылыс бригадалары жұмыс істейтін секторға барды, олар 439 нысанда құрылыс жүргізуде. Мұнда екі үй толық қалпына келтірілді.

"Атырау облысының әкімдігіне рахмет. Екі апта ішінде бізге үй салып берді. Жұмыс тез және сапалы жүргізілді, әйтпесе бізге көшеде түнеуге тура келетін еді. Енді бізде бәрі жақсы",-деді Арыс қаласының тұрғыны Гүлнара Ибрагимова.

Шымкент қаласының әкімдігіне бекітілген секторда 617 үйді қалпына келтіру қажет.

"Шымкент әкімдігі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Менің үйімнің төбесі құлаған және әйнектері сынған. Кей жерлердің төбелері опырылып құлаған. Маған терезелерді ауыстырды, келесі аптаға дейін барлық қажетті жұмыстарды аяқтауға уәде берді", - деді Арыс қаласының тұрғыны Сағатбек Ахметов.

Өз кезегінде Маңғыстау облысы 275 үйді қалпына келтірмек. Үш тұрғын үйге іргетасынан бастап құрылыс жүргізу қажет болады.

"Бұрын менде саман үйі болған, енді кірпіштен қайта тұрғызылады. 24 күні менің үйіме снаряд түсті. Маңғыстау облысының әкімшілігінен келіп, барлығы қарап шықты. Менің 7 балам бар, осыны ескере отырып, маған көбірек көлемді үй салуды шешті. Бұрын менде 100 шаршы метр еді, енді 150 болатын болды. Мен өзім күні бойы құрылыста жұмыс істеймін, сонымен қатар құрылысшыларға және Маңғыстау халқына көмек көрсеткендері үшін үлкен рахмет айтамын!",- деді Арыс тұрғыны Ербол Божбанбаев.

"Әрбір сектордың өз стратегиясы бар. Кейбіреулері күрделі нысандардан жұмыс істей бастады,ал кейбіреулері қала тұрғындарын мүмкіндігінше көп үйге орналастыру үшін аз зақымданған үйлерден бастады. Кейбір сектор жақсы немесе нашар жұмыс істейді деп айтуға болмайды. Барлығы қаланы қалпына келтіру бойынша үлкен жұмыстар жүргізуде", - деді Қайырбек Өскенбаев.  

Естеріңізге сала кетейік, 15 шілдедегі жағдай бойынша Арыс қаласында 1047 үй тапсырылған. Жұмыстар 4225 жеке тұрғын үй құрылысы және КПТҮ нысандарында жүргізілуде. Қаланы қалпына келтіруге жұмылдырылған құрылысшылар саны 5,9 мыңнан асты. Елбасының және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық бүлінген және бұзылған объектілер 2019 жылдың 1 тамызына дейін тапсырылуы тиіс.