
Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мынадай тәсілдердің бірімен ұйымдастырылады:
1) кепілдік беру қорының кепілдігін алу;
2) екінші деңгейдегі банктің жобасына қатысу;
3) тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) қаңқасы салынғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту.
Кепілдік беру қорының негізгі функциялары: құрылыс салушыларға тұрғын үй құрылысын аяқтауға кепілдік беру, инжинирингтік компания арқылы нысан құрылысының барысын бақылау, объектінің құрылысын аяқтау және кепілдік жағдайы басталған кезде үлескерлерге үлестерді беру.
Тұтастай алғанда, үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат алу үшін құрылыс салушы мен уәкілетті компания әкімдікке қағидаларға сәйкес нысан бойынша үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат беру туралы өтінішті, сондай-ақ талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттардың көшірмелерін жібереді.
Үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсатты тұрғын үй құрылысының барлық кезеңінде оны пайдалануға бергенге дейін әкімдіктер береді. Құжаттарды қарау қорытындылары бойынша әкімдік оларды алған сәттен бастап 10 жұмыс күні ішінде құрылыс салушыға үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат береді немесе рұқсат беруден жазбаша дәлелді түрде бас тартуды негіздемесін жібереді. Егер құрылыс салушы заңның бірнеше талаптарына сәйкес келмесе, әкімдік рұқсат беруден бас тартады
Өз кезегінде, құрылыс салушы рұқсат алу үшін ескертулер, көрсетілген дәлелді бас тарту жойылғаннан кейін, қайтадан өтініш беруі, немесе сот тәртібімен шағымдануы мүмкін.
"Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында, Нұр-сұлтан қаласы әкімдігінің қаулысымен "Елорда құрылыс компаниясы" ЖШС уәкілетті ұйымы құрылды, сондай-ақ "Проблемалы нысандарды аяқтауды қаржыландыру тәртібі" бекітілді. 2018 жылы проблемалық нысандарды аяқтауға республикалық бюджеттен 40 млрд.теңге бөлінді. Ақша ақы төлеу, мерзімділік және қайтарымдылық шарттарымен бөлінді. Қаражатты қайтару бос алаңдар есебінен және/немесе активтерді сатудан көзделген.

