АРЫС ҚАЛАСЫНДА ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛГЕН ҮЙЛЕРДІҢ САНЫ 1548-ГЕ ЖЕТТІ

АРЫС ҚАЛАСЫНДА ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛГЕН ҮЙЛЕРДІҢ САНЫ 1548-ГЕ ЖЕТТІ

Бүгінгі күні Арысты қалпына келтіру бойынша ауқымды іс-шараға 7037 құрылысшы (бір күн бұрын 6868 құрылысшы) және 265 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.

Жарылыс толқынынан неғұрлым зақымдалған учаскелер келесі секторларға сәйкес келді: 1 сектор (Атырау обл.), 2 сектор (Павлодар обл.), 3 сектор (Жамбыл обл.), 5 сектор (Қарағанды обл.), 7 сектор (Түркістан обл.), 9 сектор (Нұр-Сұлтан қ.) және 14 сектор (Алматы қ.).

Бүгінгі күні Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің мәліметі бойынша Атырау облысының секторында 463 жеке меншік үй жөндеуден өтіп, қайта тұрғызылады. Нұр-Сұлтан қаласы әкімшілігіне бекітілген секторда 688 құрылысшы 490 объектіде жұмыс істейді. Жамбыл облысы секторындағы 464 құрылысшы 244 үйді қалпына келтіруде. Павлодар облысы әкімдігінің учаскесіндегі 207 объектіде (оның ішінде 5 көп пәтерлі үй) жұмыс жүргізілуде. Қарағанды облысына бекітілген секторда 54 үйді (оның ішінде 11 көпқабатты үйді) 368 құрылысшы қалпына келтіруде, ал Алматы қаласының учаскесінде 411 объектіде жұмыс жүргізілуде. Түркістан облысы секторында 410 құрылысшының жұмыс күші 362 тұрғын үйді қалпына келтіруге жұмсалуда.

ҚР ИИДМ бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, үйлердің мониторингі мен құрылыс барысын бақылау күн сайын жүргізіледі. Елбасының және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық бүлінген және бұзылған объектілер 2019 жылдың 1 тамызына дейін тапсырылуы тиіс.