
Бүгінгі таңда құрылысшылар тағы 4798 жеке тұрғын үй құрылысы мен КПТҮ нысандарында жұмыс істеуде, деп хабарлайды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Арыс тұрғын үй қорын 7136 құрылысшы қалпына келтіруде. Олардың саны күн сайын өсуде (бір күн бұрын 7037 жұмысшы). Барлығы 17 секторда 269 арнайы техниканы тарта отырып, 213 құрылыс компаниясы жұмыс істеуде. Елбасының және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық бүлінген және бұзылған объектілер 2019 жылдың 1 тамызына дейін тапсырылуы тиіс.
Тағы 1941 құрылысшы қаланың әлеуметтік нысандарын қалпына келтіруге жұмылдырылған. Естеріңізге сала кетейік, Арыс полигонындағы жарылыстардан 66 ғимарат (52 білім беру нысаны, 8 Денсаулық сақтау нысаны, 4 спорттық нысан және Даңқ аллеясы) зардап шекті. Төрт нысан жаңадан салынып, белгіленген мерзімде тапсырылады. Бірінші вице-министр Қайырбек Өскенбаев ҚР ИИДМ атынан күн сайын құрылыс барысына мониторинг және бақылау жұмыстарын жүргізеді.