ҚР ИИДМ КӨЛІКТІК БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚАПШАҒАЙ СУ ҚОЙМАСЫНДА АЛТЫ АДАМДЫ ҚҰТҚАРУҒА КӨМЕКТЕСТІ

ҚР ИИДМ КӨЛІКТІК БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚАПШАҒАЙ СУ ҚОЙМАСЫНДА АЛТЫ АДАМДЫ ҚҰТҚАРУҒА КӨМЕКТЕСТІ

2019 жылы 20 шілдеде Қапшағай су қоймасында су көлігін пайдалану бойынша көліктік бақылау және Алматы облысы ТЖД қызметкерлерінің бірлескен рейді өткізілді. Осы мақсаттар үшін мамандарға АЛМ 0504 борттық нөмірі бар «Trident 720 Indigo» қызметтік катері бөлінді.

Рейд барысында, үш адамнан тұратын экипаждың күшімен, атап айтқанда ҚР ИИДМ КК Су көлігін бақылау басқармасының басшысы Жандос Әлменов және Алматы облысы бойынша КБИ су көлігін бақылау бөлімінің бас маманы Асқар Жақсыбаев, сондай-ақ «Алматы облысы ТЖД-да өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары» ММ Қапшағай қ. жедел-құтқару жасағы қызметінің  құтқару бөлімшесінің қызметкері А.Волковпен бірге бір мезгілде 6 адам, үш ер және үш әйел адам құтқарылды.

Оқиға 2019 жылы 20 шілдеде сағат 18:30 шамасында, «Ермин» демалыс аймағының базасында болды. 20-25 адам жеке құтқару құралдарынсыз суға шомылып жүрді, олардың яхтасы жағадан 1-1,5 км қашықтықта болды. Суға түсіп жүрген кезде кенеттен жел тұрып, су толқынының биіктігі 1-1,5 м көтеріле бастады. Адамдардың судан шығуға жұмсаған барлық күш-жігері сәтсіз аяқталды, өйткені толқын яхтаны қарама-қарсы жағаға алып кетті. Бірақ олар «Trident 720 Indigo» катері экипажының үйлесімді, жедел іс-қимылдарының арқасында судағы қайғылы оқиғадан құтылуға мүмкіндік алды.

Көліктік бақылау қызметкерлерінің судағы адамдарды құтқару бойынша іс-әрекеттерін ерекше атап өткен жөн. Олар өздерінің жанкешті және жедел әрекетімен қайғылы оқиғаның алдын алып, адамдарға өмір сыйлады.

«Ерекше еңбегі үшін ҚР ИИДМ КК Су көлігін бақылау басқармасының басшысы Жандос Әлменовты және Алматы облысы бойынша КБИ су көлігін бақылау бөлімінің бас маманы Асқар Жақсыбаевты марапаттауды сұраймын», - деді министрге жазған хатында Алматы облысы ТЖД бастығының міндетін уақытша атқарушы Серікқан Тұраров.

 

ҚР ИИДМ КК Су көлігін бақылау басқармасының басшысы Жандос Әлменов

 

 

Алматы облысы бойынша КБИ су көлігін бақылау бөлімінің бас маманы Асқар Жақсыбаев