ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Франция үкіметаралық комиссиясының 14-отырысына қатысты

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Франция үкіметаралық комиссиясының 14-отырысына қатысты

2021 жылғы 29-30 сәуірде Парижде Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов пен Француз Республикасының Еуропа және сыртқы істер министрі жанындағы Сыртқы сауда және экономикалық тартымдылық мәселелері жөніндегі министр-делегаты Франк Риестердің қатысуымен Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Франция үкіметаралық комиссиясының 14-отырысы өтті.

Екі елдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, келіссөздер екі елдің министрліктері мен компанияларының өкілдерін онлайн қосу арқылы гибридті форматта ұйымдастырылды.

Тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың дәстүрлі салалары бойынша, атап айтқанда энергетика, өнеркәсіп, көлік және логистика, құрылыс, аэроғарыш және қорғаныс өнеркәсібі кешені салаларындағы ынтымақтастықтың даму қарқыны жоғары екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Үкіметаралық комиссия отырысында жаңартылатын энергия көздері, цифрландыру, агроөнеркәсіптік кешен және тұрақты даму саласындағы жаңа жобалар мен ұсыныстар талқыланды.

Ф.Риестердің биылғы мамырда Қазақстанға жасайтын сапары шеңберіндегі отырыстың қорытындысы бойынша екіжақты стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңін белгілейтін және екіжақты байланыстарды дамытуға қуатты серпін беретін 2030 жылға дейінгі Қазақстан-Франция экономикалық ынтымақтастығының жол картасына қол қоюға уағдаласты.

Тараптар Үкіметаралық комиссияның келесі отырысын Қазақстанда өткізуге келісті.

Сондай-ақ Medef алаңында Қазақстанда бірлескен жобаларды іске асыратын және Қазақстанмен бірлескен серіктестікті жоспарлайтын француз компаниялары басшылығының қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді.

Анықтама:

Қазіргі уақытта Қазақстанда Франция капиталының қатысуымен 170-ке жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында "Total", "Orano", "Danone", "Vicat", "Alstom", "Renault", "Air Liquide" және т.б. компаниялар бар. 2020 жылдың қорытындысында тауар айналымы 2,8 млрд. долларды құрады. Қазақстанға салынған француз инвестициясы 16 млрд. шамасында.