Қазақстан мен БАӘ электромобильдерге арналған батарея өндірісі саласындағы ынтымақтастыққа және жаңа рейстер ашуға келісті

Қазақстан мен БАӘ электромобильдерге арналған батарея өндірісі саласындағы ынтымақтастыққа және жаңа рейстер ашуға келісті

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин бастаған Қазақстан делегациясының Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары аясында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Өнеркәсіп және озық технологиялар министрлігі арасында Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандум аясында сирек кездесетін металдарды зерттеу, әзірлеу және өңдеуде өзара қолдау, сондай-ақ электромобильдерге арналған батареяларды өндіру сияқты жаңа салаларды зерттеуге уағдаласты.

Қазақстан мен БАӘ бірлескен өнеркәсіптік жобаларды бірге әзірлеп, іске асырмақ. Өндірілген пайдалы қазбалардан өзара пайда табуды ынталандырып, екі елде де өндіріс ошақтарын құруды қолдайды. Оның ішінде сирек кездесетін металдарды қайта өңдеу саласында кәсіпорындар құруға қолдау көрсетіледі.

Меморандум озық және инновациялық технологияларды пайдалану бойынша зерттеулер мен әзірлемелердің нәтижелері мен ақпарат алмасуды көздейді. Құжат бірлескен зерттеулер, жобалау, жобалардың техникалық-экономикалық әзірлемесі, сондай-ақ жаңа ғылыми әзірлемелерді пайдалануға мүмкіндік береді.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Абу-Даби қаласы (БАӘ) мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары арасында тұрақты әуе қатынасын ашу туралы келісімге қол қойды. Wizz Air Abu Dhabi әуе компаниясы биыл мамыр айының ортасынан рейстерді орындай бастайды.