
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көлік саласындағы уәкілетті органдары басшылары кеңесінің бірінші отырысы 1 маусым күні Сочиде өтті.
Оған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр, РФ Көлік министрі Евгений Дитрих, Еуразиялық экономикалық комиссияның энергетика және инфрақұрылым бойынша алқа мүшесі (министр) Эмиль Кайкиев, Армения Республикасының аумақтық басқару және даму министрі Сурен Папикян, Беларусь Республикасының Көлік және коммуникация министрі Алексей Авраменко және Қырғыз Республикасының Көлік және жол министрі Жанат Бейшенов қатысты.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің 2018-2020 жылдарға арналған үйлестірілген көлік саясатын іске асырудың негізгі бағыттары мен кезеңдерін іске асыру бойынша "жол картасы" іс - шаралар жоспарын орындауға қатысты мәселелер талқылаудың негізгі тақырыбы болды.
Сондай-ақ, 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың ережелерін жетілдіру, Еуразиялық экономикалық одақтағы интеграциялық процестерді 2025 жылға дейін тереңдету және негізгі бағыттарды жүзеге асырудың кезекті кезеңіне арналған көлік саласындағы интеграциялық бағыттарды айқындау туралы сөз болды.
Бұдан басқа, тараптар авиациялық оқиғалар мен елеулі оқиғаларды тексеру жөніндегі халықаралық бюро туралы келісімнің күшіне ену мәселелерін талқылады. Кездесуге қатысушылар өз елдерінің келісімге қосылу жоспарлары және әуе көлігі саласындағы ортақ нарықты қалыптастыру жөніндегі одан әрі атқарылатын жұмыс туралы ақпаратпен алмасты.