
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ұшу қауіпсіздігі мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің жұмысы туралы есепті тыңдады.
Кеңеске қатысушылар қысқы кезеңде азаматтық авиация ұшақтарының ұшуын қамтамасыз ету жайына ерекше назар аударды. Сондай-ақ, отандық әуе компанияларын халықаралық авиациялық әкімшіліктері нормаларының сәйкестік стандарттарына ауыстыруға бағытталған шаралар қарастырылды.
"Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ Бас директоры Питер Гриффитс Министрге әуедегі қауіпсіздікті дамыту жолдары мен ҚР ИИДМ-мен арадағы өзара іс-қимыл шаралары жөнінде баяндады.
Кеңес қорытындысында ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетіне және басқа да құрылымдық бөлімшелерге тапсырмалар беріліп, оларды орындау мерзімдері айқындалды.
Анықтамалық ақпарат:
"Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ "100 нақты қадам" Ұлт жоспарының 68-қадамын іске асыру аясында құрылды. Кәсіпорын еліміздегі ұшу қауіпсіздігі саласында техникалық авиациялық бақылауды және қадағалауды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды іске асырады. Авиациялық әкімшіліктегі қызметке еліміздің азаматтық авиациясы саласынндағы жоғары білікті мамандар тартылған.