
Алдағы құрылыс маусымында Ақмола облысында автомобиль жолдарының республикалық және жергілікті желісін жақсарту бағытында ауқымды жұмыс жүргізілмек. Өңірде құрылыс, реконструкция, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр.
Атап айтсақ, «Екатеринбург-Алматы» автомобиль жолының 1231-1247 шақырымында автоматтандырылған өлшеу қондырғыларын орнату мен жоба-сметалық құжаттама әзірлеу көзделген. «РФ шекарасы (Екатеринбургке)-Алматы» автожолының 856-913 шақырымындағы учаскесі күрделі жөндеуден өтпек. Жөндеудің дәл осы түрін «Жақсы – Есіл – Бұзулық» тас жолының 80+900 шақырымындағы көпірге жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттама әзірленеді. «РФ шекарасы (Екатеринбургке)-Алматы, Қостанай, Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалалары арқылы» 930-960 шақырымында және «Нұр-Сұлтан – Петропавл» автожолының Шортаңды ауылы жанындағы өтпежолға орташа жөндеу жүргізілетін болады.
Сонымен бірге, облыстық жолдарда 3 көпір салу жоспарланып отыр. Атап айтсақ, «Атбасар – Сочинск», «Есіл-Свободное-Раздольное және Зеренді ауданы Садовой ауылдық округының Заречное ауылында тұрғызылмақ.
Бұдан бөлек, құрылыс компанияларымен орташа жөндеу жұмыстары келесідей автожолдарда жүргізіледі: «Екатеринбург-Алматы» – Түрген – Константиновка – Белоярка» 0-67 км, «Жаңа Қалқұтан – Ақкөл – Азат – Минск» 55 - 104 км, «Атбасар – Қима» - «Жақсы – Державинск» 9 - 51 км, «Жақсы – Державинск» 101,5 – 140 км, «Зеренді - Қызыл Кордон – облыс шекарасы» 5,1 - 41, 3 км мен «Бұзулуқ – Алматы» 0 - 38,5 км.
Еске сала кетейік, өңірдегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 7940 шақырымды құрайды. Оның 2314 км – республикалық желі, 5626 км – жергілікті желі.