Түркістан және Қызылорда облыстарында жол сапасын жақсарту мәселелері талқыланды

Түркістан және Қызылорда облыстарында жол сапасын жақсарту мәселелері талқыланды

ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков Түркістан және Қызылорда облыстарына жұмыс сапарымен барды. Іс-сапарлар барысында «Нұрлы жол» бағдарламасының екінші бесжылдығын іске асырудың алғашқы жылының қорытындылары шығарылды. Сондай-ақ, 2025 жылға дейін жол саласын дамыту мәселелері талқыға салынды.

Айта кету керек, бүгінгі таңда Түркістан және Қызылорда облыстарында республикалық маңызы бар жолдардың сапасы 100%-ға дейін жеткен. 2020 жылы Түркістан облысындағы «Жыззақ-Гагарин-Жетісай» және «Самара-Шымкент» жол учаскелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, екі өңірде де жергілікті жолдар желісін дамытуға үлкен көңіл бөлінген. Түркістан облысында жергілікті желінің ұзындығы 5 795 шақырымды құрайды. Оның ішінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 74,1 %. Ал Қызылорда облысында ұзындығы 2382 шақырым болатын жергілікті жолдардың 65%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.

Кездесу барысында А.Беков «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының аймақтық филиалдарының өкілдерін «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы қойылған ауқымды міндеттер жайлы хабардар етті. Сондай-ақ, жол саласын дамытуға үлес қосқан филиал қызметкерлерінің жемісті еңбегі еленді. Оларға «Құрметті жолшы» төсбелгілері, құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды.