
Қазақстанның күре жолдарындағы ақылы учаскелерде MAN шассиіне негізделген бірегей техника жұмысын бастады. Ол неміс өндірушісі – SCHMIDT компаниясының ауыстырылатын технологиялық жабдықтарымен жасақталған.
Қысқы уақытта мұндай көлік патрульдік және шапшаң тазартуға арналған. Екі, яғни алдыңғы және бүйірлік бұрмалы қайырма 60 км/сағ жұмыс жылдамдығымен қар белдеуінің енін тазартуды 7 метрге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, техника екі пышағы бар орталық қайырмамен жабдықталған. Оны қатып қалған қалың мұз жамылғысын бұзып, тазалауда қолдануға болады. Көліктің тағы бір артықшылығын айтар болсақ, жолдарда көктайғаққа қарсы реагенттер мен материалдарды біркелкі себуге арналған аспалы құмшашыратқышы бар. Ал жазғы уақытта аталған құрылғыны айналма жол учаскелерін суару үшін қайта жабдықтауға болатынын айтып өткен жөн. Сондай-ақ, жазда қайырмалардың орнына мамандар суарып-жуатын жабдықтарды, яғни бағаналар мен сопырғыштарды жууға арналған арнайы щеткаларды орната алады. Бұдан бөлек, 16 текше метр шанағымен жабдықталған автокөлік самосвал сияқты да жұмыс істейді.
Осылайша қондырма мен алынбалы жабдықтардың кең таңдауы көлікті барлық маусымдық күтім үшін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бір осындай машина бес түрлі техниканың жұмысын атқара алады. Қазір күре жолдардағы ақылы учаскелерде 8 әмбебап көлік жұмыс істеуде.
Айта кетейік, ақылы автожолдарды қысқы уақытта күтіп-ұстау үшін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақылы автомобиль жолдары дирекциясымен 97 техника бірлігі жұмылдырылған. «Қазақавтожол» компаниясы болса республикалық маңызы бар тасжолдарға қызмет көрсетуге 1086 техника бірлігін бағыттап отыр.