2025 жылға дейін жол саласында 40-тан астам нормативтік құқықтық акті жетілдіріліп, жаңартылады

2025 жылға дейін жол саласында 40-тан астам нормативтік құқықтық акті  жетілдіріліп, жаңартылады

Автомобиль жолдары саласында бірыңғай техникалық саясат қалыптастыру – ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстанда жыл сайын 10 нормативтік құжат жетілдіріліп, бекітілуде.

Соңғы жылдары нормативтік-техникалық базаны жетілдіруге үлкен көңіл бөлініп келеді. Осылайша, ғылыми және салалық ортаның өнімді жұмысының арқасында соңғы 5 жылда 100-ден астам нормативтік құжат жетілдіріліп, бекітілген. Жалпы отандық жол саласында бүгінде 1100-ден аса нормативтік-техникалық құжат бар. 2025 жылға дейін автожол саласында тағы 40-тан астам жаңа нормативтік құқықтық акті құрылады. Олар бірінші кезекте, жол құрылысында жаңа материалдар, тәсілдер мен технологияларды қолдануға негіз қалыптастыруға бағытталған.

Атап айтқанда, 2020 жылы зертханалық зерттеулер мен эксперименттік қолдану нәтижелері бойынша «ҚазжолҒЗИ» АҚ ғалымдары «Жол, аэродромға арналған полимерасфальтбетон қоспалары және полимерасфальтбетон. Техникалық шарттар» және «Жол, аэродромға арналған шақпақтас-мастикалық, полимерасфальтобетон қоспалары және шақпақтас-мастикалық полимерасфальтобетон» ұлттық стандарттарын жасап шығарды. Бұдан бөлек, институт мамандарымен автомобиль жолдарындағы гофрленген метал құрылымдардан жасалған жасанды конструкцияларды жобалау мен салу бойынша, сондай-ақ, қолданыстағы автомобиль жолдары жүйесіндегі тәжірибелік-эксперименттік полигондарды күтіп-ұстау жүйесі бойынша ұсыныстар жетілдірілуде. Сонымен бірге ҚР СТ 2476-2014 «Жалпы пайдалануға арналған автомобиль жолдары. Жол бойындағы қызмет көрсету объектілеріне және олардың қызметтеріне қойылатын талаптар» ұлттық стандарты қайта өңделуде. Құжат автомобиль жолдарындағы қозғалыстың қатысушыларына көрсетілетін сервистік қызметтің сапасын жақсартып қана қоймай, республикадағы туризмнің дамуына септігін тигізеді.

Еске сала кетейік, жол саласының қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер және нормативтік-техникалық құжаттар «InfoZhol» (http://infozhol.kad.org.kz/) бірыңғай электрондық деректер базасына енгізілген болатын.

Бір ресурста еліміздің автомобиль жолдарын салу, жобалау мен күтіп-ұстау бойынша барлық қажетті құжаттама жинақталған. Ол бәріне қолжетімді.