Мүмкіндігі шектеулі жандар - ерекше назарда

Мүмкіндігі шектеулі жандар - ерекше назарда

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов «кедергісіз орта» қалыптастыру және мүгедектігі бар жандардың өмір сапасын жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

Мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау және оларды әлеуметтік өмірге белсенді тарту бағытында мақсатты жұмыстар жасап жатыр.

Инфрақұрылымдық даму бойынша жол картасы аясында бірқатар нақты шаралар іске асырылуда.   

Құрылыс саласында

Елді мекендер құрылысына, оның ішінде: көлік тұрағына, жүргіншілер жолдарына, пандустар мен баспалдақтарды қоса алғанда ғимараттарға кіретін есіктерге, лифтілерге және жалпы пайдалану орындарына қойылатын талаптар заңмен белгіленген.

Салынып жатқан барлық жаңа тұрғын үйлер мен объектілер сол талаптарға сай болуы тиіс.   

Әлеуметтік инфрақұрылым оъектілерін паспорттауды жүргізіп жатыр.

Мониторинг нәтижесі 25 мыңға жуық объект қолжетімді ортаға бейімделгенін көрсетті. 

Әлеуметтік объектелерді толықтай бейімдеу үшін бұл бағытта жұмыстар Шығыс Қазақстан облысында, Алматы қаласында және Маңғыстау облысында күшейтіледі.  

Азаматтық авиация саласында

Азаматтық авиация саласында инфрақұрылым мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға қызмет көрсетуге барынша бейімделген және үнемі жетілдіріліп отырады.

«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» азамттардың өтініштерін  талдау негізінде мүгедек адамдарды тасымалдау рәсімдерін оңайлатты. Мүмкіндігі шектеулі жолаушыларды тасымалдау стандарттарының сақталуын үздіксіз қадағалайды.  

Теміржол көлігі саласында

Теміржол инфрақұрылымы объектілерінің көпшілігі айрықша қажеттіліктері бар жандар үшін бейімделген. Бұл санаттағы жолаушылардың қолайлылы үшін пойыздар мүгедектерге арналған арбалармен қамтамасыз етілді. Поезд бригадаларының қызметкерлері арнайы оқытылды және жүріп-тұруы шектеулі және ментальды ауытқуы бар жандарға көмек көрсетуде тәжірибелері бар. 

2022 жылдың соңына дейін арнайы вагондар жетіспеушілігі проблемасын толық шешіп, мүгедек жандарды тасымалдауға арналған мамандандырылған вагон купелер санын 122-ге дейін жеткізу көзделіп отыр.  

Әлеуметтік маңызы бар бағыттарда барлық топтағы мүгедектер үшін 50%, ал «Тұлпар-Тальго» коммерциялық поездарында билет құнынан 70% жеңілдік беріледі.

Биыл маусым айынан бастап, билеттерді сату жүйесін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мүмкіндігі шектеулі адамдардың дерекқорымен интеграциялау жұмысы жүргізілуде.

Қазір барлық 99 вокзал мүгедектерге қызмет көрсету талаптарына толық сәйкес келеді. Биыл «Қазақстан темір жолы» баспалдақтармен қозғалуға арналған индукциялық панельдер мен көтергіш құрылғылар орнатты.   

Автомобиль көлігі саласында

Бүгінгі таңда елімізде 36 автовокзал мен 114 автостанция жұмыс істейді. Жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша, 32 автовокзал және 98 автостанция мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қолжетімділік талаптарына сай.

Қалалық бағыттарда қызмет көрсететін 10 623 автобустың тек 30% қажетті талаптарға сай келеді.

Биыл өңірлер өз елімізде шығарылған 585 автобус сатып алды. Олар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімділік талаптарына сай келеді. 

Өңірлерде 119 инватакси қызметі жұмыс істейді. Олардың автопаркі 375 көліктен тұрады. Жергілікті бюджет есебінен өтеусіз қызмет көрсету тәртібі регламенттелді.

2020 жылы бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінді. Келесі жылға да соншама жоспарланып отыр.

Арбалармен қамтамасыз ету

Импортты алмастыру аясында «Тыныс» кәсіпорны электр және механикалық жетегі бар отандық мүгедектер арбасын шығаруды жолға қойды. Жылдық көлемі 5 мың арба. Яғни 2025 жылға қарай ішкі нарық қажеттілігін толықтай өтей алады.

Биыл ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен электр жетегі бар 1 381 арба жеткізу туралы келісімшартқа қол қойылды. Жалпы сомасы 1,2 млрд. теңге.

Мүгедек жандардың толыққанды және белсенді өмірін қамтамасыз етуі үшін нормативтік базаны жетілдіру жұмыстары жалғасады.