Ерсайын Нағаспаев мемлекеттік қызмет пен өнеркәсіп саласының ардагеріне жаңа Конституция басылымдарын табыстады

Ерсайын Нағаспаев мемлекеттік қызмет пен өнеркәсіп саласының ардагеріне жаңа Конституция басылымдарын табыстады

Жалпыхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде ведомство Қоғамдық кеңесі мүшелері – еліміздің индустрия саласының еңбек сіңірген ардагерлерінің қатысуымен салтанатты жиын өтті.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жаңа Конституцияның тарихи маңызына тоқталып, оның Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды қалыптастырудың берік негізіне айналатынын атап өтті.

«Біз бүгін еліміздің тарихындағы шын мәнінде тағдырлы оқиғаның куәсі болып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен әзірленіп, халықтың қолдауына ие болған Конституция Қазақстан дамуының жаңа кезеңіне жол ашады.

Ата Заңда экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту және өнеркәсіптің тұрақты өсімін қамтамасыз ету арқылы қуатты экономиканы қалыптастырудың институционалдық негіздері қаланған», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Жаңа Конституция басылымының бір данасы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетовке еліміздің экономикасын дамытуға қосқан елеулі үлесі мен көпжылғы адал еңбегі үшін табысталды.

Жиынға қатысушылар елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларды қолдайтындықтарын білдірді.