
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қолданыстағы заңнамаға және ел басшылығының тапсырмаларына сәйкес қызметін реттеуге уәкілетті кәсіпорындармен және үкіметтік емес ұйымдармен (ҮЕҰ) арадағы диалогта өзінің ашықтығын мәлімдейді.
ҚР ИИДМ мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қайшы келмеген жағдайда отандық кәсіпкерліктің мүдделерін әрқашан қолдайды.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары қауымдастығы басшыларының Мемлекет басшысына жолдаған ашық үндеуінде қозғалған жайттар бойынша айқындық енгізіп, басын ашып көрсетуге ниетті.
Үндеуде елдің қорғаныс өнеркәсібі кешеніндегі (ҚӨК) жағдайға алаңдаушылық білдірілген. Оның ішінде мемлекет отандық «қорғаныс саласының» дамуын тежеп, баға белгілеуге араласатыны, кәсіпкерлік еркіндігін шектеп, кәсіпорындардың тиімді қызметіне кедергі келтіретіні және мемлекеттік тапсырыспен жеткілікті қолдау көрсетпей отырғаны айтылған.
Өндірісті қысқарту
Айтылған пайым шындыққа жанаспайды.
Экономиканың сын-қатерлеріне қарамастан, өндірістік дамуды ескере отырып, қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарының өндіріс көлемі 2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда 10,7% өсті.
Жетілмеген заңнама
2019 жылы Қазақстанда алғаш рет қорғаныс өнеркәсібі қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық заңнамалық база құрылды. 2019 жылғы 18 наурызда «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заң, сондай-ақ оны іске асыру үшін 23 нормативтік-құқықтық акт қабылданды.
Қорғаныс өнеркәсібінің өкілдері заңнамалық базаны әзірлеуге белсене қатысты. Нормативтік-құқықтық актілерді (НҚА) әзірлеу кезінде ҚӨК кәсіпорындарының ұсыныстары да ескерілді.
Қазіргі уақытта саладағы жағдайды ескере отырып, қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарының ұсыныстары бойынша кейбір НҚА-ға заңнамада белгіленген тәртіппен өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Мұндай жұмыс 4 нормативтік құжатқа қатысты жүргізіліп жатыр. Оның ішінде Қауымдастық үндеуінде сөз болған мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде әскери мақсаттағы тауарларға (өнімге), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларға (өнімге), әскери мақсаттағы жұмыстарға және әскери мақсаттағы қызметтерге баға белгілеу қағидаларына қатысты" (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 17 қазандағы № 772 қаулысымен бекітілген). Өзгерістер ұйымдардың еңбек демалыстарын, уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақыларды және басқа да міндетті төлемдерді төлеуге арналған шығындарын есепке алуға қатысты.
Тапсырыс берушілердің (күштік құрылымдардың) өз өнімдеріне деген қажеттілігін кәсіпорындардың нақты түсінбейтіні
2018 жылы Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі Қорғаныс-өнеркәсібі кешенін қайта жарақтандыру және дамыту тұжырымдамасы қабылданды.
Тұжырымдамаға сәйкес стратегиялық деңгейде ұзақ мерзімді жабдықтау жоспары, ал жедел деңгейде – мемлекеттік қорғаныс тапсырысы шеңберінде 3 жылдық іс-шаралар жоспары әзірленді.
Мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі мәселелерді қамтамасыз етуді ескере отырып, сол немесе өзге кәсіпорынның қызметіне қатысты өндірістік даму бағыттары компанияларға жеткізіліп отырады.
Отандық қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары үшін мемлекеттік қорғаныс тапсырысының қатты жетіспеушілігі
Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс көлемі мемлекеттің органдардың қажеттіліктеріне қарай бөлінген бюджетке сәйкес жасалады.
Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шарттарын жасасу мерзімдері
Бюджет 3 жылдық негізде қалыптастырылатынын ескере отырып, мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындауға арналған шарттар да осы мерзімге жасалады. Бұл жеткілікті мерзім. Қару-жарақ пен әскери техника үшін ең жоғары өндірістік цикл 3 жылдан аспайды.
Қорғаныс өнімдеріне баға белгілеу мәселелері
Саланың қабылданған қағидалар шеңберінде жұмыс істеуі мемлекеттік қорғаныс тапсырысы іс-шараларын орындау аясында бөлінген бюджет қаражатының 13 млрд теңгеден астамын үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұл ақшаны Үкімет басқа мемлекеттік қажеттіліктерге, соның ішінде азаматтарды әлеуметтік қолдауға қайта бөлді.
Сонымен бірге, жоғарыда айтылғандай, әскери мақсаттағы тауарларға (өнімдерге) баға белгілеу ережелері кәсіпорындардың негізделген ұсыныстары бойынша жетілдіріліп жатыр.
Баға белгілеу ережелері тек мемлекеттік қорғаныс тапсырысы өнімдеріне ғана белгіленгенін айту керек. Зауыттар мемлекеттік қорғаныс тапсырысынан тыс өндіруге құқылы басқа өнімдерге, мысалы, азаматтық өнімдерді экспорттаумен немесе өндірумен айналысатын басқа өнімдерге ол ережелер қолданылмайды.
Ұлттық компанияның (квазимемлекеттік кәсіпорындардың) үлестес тұлғалары ретінде кәсіпорындар қызметінің жол берілетін қызмет түрлерін шектеу
Бұл пайым да шындыққа жанаспайды.
Квазимемлекеттік сектордың қорғаныс-өнеркәсіптік кәсіпорындары азаматтық мақсатта өнімдер өндіре алады. Оларға заңнамалық норманы орындау міндеті 3 жылға шегерілді.
Мысалы, Петропавл ауыр машина жасау зауыты мұнай-газ секторы мен теміржол саласына арналған жабдықтар шығарады. С.М.Киров атындағы зауыт компьютерлер мен планшеттер шығарады, Көкшетау "Тыныс" зауыты және астаналық "Қазақстан Аселсан инжиниринг" кәсіпорны өкпені жасанды желдету аппараттарын шығаруды игерді.
Қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарын жекешелендіру
Әлемдік тәжірибені және отандық ҚӨК кәсіпорындарының өндірістік қызметін талдау жекеменшік кәсіпорындардың қызметі серпіндірек екенін көрсетеді (қаржылық көрсеткіштер жоғары, мемлекеттік қорғаныс тапсырысына тәуелділігі аз, өндірістік дамудағы көрсеткіштері озық).
Кәсіпорындарды жекешелендіру ҚР Президентінің 2020 жылғы 24 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын ескере отырып, белгіленген тәртіппен жалғасады.
Осылайша, мемлекет қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарына барлық қажетті қолдауды көрсетіп келеді. Олардың толыққанды жұмыс істеуіне және мемлекеттің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге қажетті тапсырыстарды беруге жағдай жасап отыр.
БАҚ-қа дәйексіз деректер беру арқылы мемлекетке қажет емес қосымша тапсырыстар «алуға» жол берілмейді.
Сонымен қатар, мемлекеттік құпияны және қорғаныстық тапсырыс мәселелеріндегі құпияларды қорғауға бағытталған шараларды сақтау қажеттігін үндеу авторларының, БАҚ және блогерлердің назарына салып, бұл шараларды бұзу заңнамаға сәйкес тиісті жауапкершілік жүктейтінін еске саламыз.