«Алматы-Талдықорған» тасжолында алғашқы жол бойындағы Compass Comfort кешені ашылады

«Алматы-Талдықорған» тасжолында алғашқы жол бойындағы Compass Comfort кешені ашылады

Жақын болашақта Қазақстанда 35 заманауи жол бойындағы кешен тұрғызылмақ. Аталған нысандарды «Compass» желілік жанармай құю станцияларының компаниясы өз инвестицияларына салмақшы. Алғашқы Compass Comfort биыл желтоқсанда Алматы облысында ашылады. Жайлы жағдай жасалған нысан Алматы-Талдықорған тасжолының 20-сыншы шақырымында тұрғызылған.  

Compass Comfort – ауыржүкті көліктер мен автобустарға арналған сыйымды паркинг пен 80 орындық фуд-корты бар бірегей жанармай құю кешені. Бұдан бөлек, нысанда демалыс орны мен санитарлық тораптар, сондай-ақ тауарлар мен автомобиль аксессуарларының кең асортименті саудаланатын дүкен жұмыс істемек. 

Бүгінде кешеннің аумағын абаттандыру жұмыстары тәмәмдалуға таяу. Сондай-ақ, тез тамақтану мейрамханаларының әлемдік брендтерімен серіктестік мәселелері шешілуде.

Жол бойындағы сервисті дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы мәмілеге «QazAvtoJol» ҰК» АҚ және «Compass» желілік жанармай құю станциялары компаниясының өкілдері биыл қыркүйекте қол қойған болатын. Жеке инвестициялардың сомасы 31 млрд теңгені құрап отыр.  

Республикалық күре жолдарды лайықты сервиспен қамту бойынша жұмыстар Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1-қыркүйегіндегі Жолдауында жүктеген тапсырмаларының аясында жүзеге асуда.