
Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын іске асыру мәселелері бойынша баяндама жасады.
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтың айтуынша, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету және өмір сүру жайлылығын арттыру – мемлекеттің тұрақты әрі маңызды міндеттерінің бірі. 15 жыл ішінде пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 2,6 есе өсті. Тұрғын үй құрылысына инвестициялар 5,6 есеге артты.
Тәуелсіздік жылдарында бірнеше Мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылды. Олар - 2005-2011 жылдары тұрғын үй құрылысын дамыту, «Қолжетімді баспана-2020», «Нұрлы жол» және Өңірлерді дамыту мемлекеттік бағдарламалары. Осы кезеңде 114 мыңнан астам отбасы әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілді, 63 мыңнан астам үлескердің тұрғын үй мәселелері шешілді.
2017 жылдан бастап «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама жұмыс істеген 3 жыл ішінде 36,8 млн. шаршы метр немесе 330 мың тұрғын үй салынды. Қолжетімді тұрғын үй және жеңілдетілген несие беру арқылы мемлекеттік қолдау шараларымен 89 мыңға жуық отбасы қамтылды. «Нұрлы жер» бағдарламасының іс-шараларын іске асыруға 919 млрд.теңге мемлекеттік инвестиция бағытталды. Сонымен қатар, осы жылдар ішінде тұрғын үй құрылысына 3,6 трлн тенгеден астам жеке инвестициялар салынды.
Бүгінгі күні бір қазақстандыққа тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 0,71 шаршы метрге жетті, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің арасында ең жоғары көрсеткіш (РФ - 0,54 шаршы метр, Белоруссия - 0,40 шаршы метр, Өзбекстан - 0,36 шаршы метр) және экономикалық дамыған елдердің деңгейіне жақындады.
Бүгінде тұрғын үйге мұқтаж 530 мыңнан астам азамат кезекте тұр. Көрсетілетін қолдаудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдан бастап кезекте тұрғандардың Бірыңғай республикалық базасы іске қосылды. Ол мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған және азаматтардың тұрғын үйге мұқтаждығы мен кезекте тұрғандардың кірістері бойынша анық мәлімет береді. (Анықтама үшін: ағымдағы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша тұрғын үйге мұқтаж 534 683 азамат кезекте тұр).
Елбасы мен мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бірінші кезекте сатып алу құқынсыз жалдамалы тұрғын үймен көп балалы отбасылар қамтамасыз етіледі. «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру кезеңінде 30 мың отбасына тұрғын үй беру жоспарлануда, оның ішінде биыл 4 835 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
Ағымдағы жылы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті 15 млн.шаршы метр тұрғын үй салу бойынша міндеттеме қабылдады. Бұл 150 мыңнан астам отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуды көздейді, оның ішінде 40 мыңға жуық отбасы мемлекеттік инвестициялар шеңберінде тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады