
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде қызметкерлердің біліктілігін көтеру бағытында белсенді жұмыс жүргізіліп келеді. Бұдан бөлек, министрлік мамандары отандық жоғарғы оқу орнының студенттеріне тәжірибесімен бөлісіп, мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар да беруде. Автожол саласында мамандандырылған оқу орындарымен бірлескен онлайн-семинарлар, шеберлік сыныптары мен дәрістерді өткізу игі дәстүрге айналды.
Мәселен, Автомобиль жолдары комитетінде Л.Б. Гончаров атындағы автомобиль-жол институтымен жасалған меморандум аясында ZOOM платформасында онлайн-семинарлар ұйымдастырылды.
Халықаралық көлік академиясының ғалымдары, техникалық ғылымдардың докторлары, жоғарғы оқу орнының профессорлары автомобиль жолдарын жобалау негіздерін, оларды пайдаланудағы жаңашылдықтар жайлы ой қозғады. Семинар жұмысына комитеттің 48 қызметкері қатысты.
Бұдан бөлек, ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының өкілдері Л.Б. Гончаров атындағы автомобиль-жол институтының студенттеріне «Қазақстандағы жол қауіпсіздігі жөнінде» онлайн-дәріс өткізді.
Еске сала кетсек, биыл қыркүйекте Л.Б. Гончаров атындағы автомобиль-жол институты мен Автомобиль жолдары комитетінің арасында ынтымақтастық жайында меморандум жасалған болатын. Құжатқа сәйкес, білім беру мен көліктік-коммуникациялық кешен құрылысы саласында бірлескен ғылыми зерттеулер, конференциялар мен семинарлар ұйымдастырылмақ.
Айта кетейік, жол саласында білікті мамандардың тапшылығы өзекті түйткіл болып отыр. 2020 жылдың басында Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы «1000 мектеп» іс-шарасын іске қосқан болатын. Оның аясынада орталық мамандары мектеп оқушылары мен студенттерге кәсіптік бағдар беріп, жолшы мамандығының басымдықтары мен болашағын айтып түсіндіруде. «1000 мектеп» акциясы пандемия кезінде де жалғасын тауып отыр. Онлайн пішіндегі семинар, дәрістер ZOOM және Instagram платформаларында өткізілуде.