Сенаторлар авиациялық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған Конвенцияны мақұлдады

Сенаторлар авиациялық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған Конвенцияны мақұлдады

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Халықаралық азаматтық авиацияға қатысты заңсыз актілерге қарсы күрес туралы конвенцияны ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. 

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бұл Заң жобасының мақсаты азаматтық авиация саласында заңсыз әрекеттер жасаған тұлғаларға қылмыстық жауапкершілік тағайындау.

«Мұндай актілерге - әуежайда және ұшып келе жатқан әуе кемесінің бортындағы адамға қатысты зорлық-зомбылық актісін жасаса, бұзатын және істен шығаратын құрылғыны немесе затты әуе кемесінің бортына орналастырса, жарылғыш заттарды, химиялық, биологиялық, уландыратын, радиоактивті материалдарды әуе кемесімен тасымалдаса және  одан тастаса, ұшу кезінде әуе кемесін жою, әуежайдағы жабдықтарды бұзса және тағы басқалар жатады», - деді сенаторлардың алдында баяндама жасаған Жеңіс Қасымбек. 

Сондай-ақ, жалған мәліметтер хабарлау, әуе кемесінің қауіпсіздігіне қатер төндіру де осы актілерге жатады.

Қазақстанның қылмыстық кодексінде аталған актілер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Конвенцияның осы ережелерін қабылдау Біріккен Ұлттар Ұйымы  Қауіпсіздік Кеңесінің терроризмге қарсы іс-қимылына қатысты талаптарын қанағаттандыруға, сондай-ақ азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатерлерге тиісті деңгейде жауап беруге мүмкіндік береді.

Фото ашық ақпарат көзінен