Мәжілісмендер "Кеме қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы" Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Мәжілісмендер "Кеме қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы" Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2020 жылдың 7 қазанда  «Кеме қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасын ҚР Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында ұсынды.

Аталған Заң жобасы туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев баяндады.

Кеме қатынасы туралы келісім Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы мемлекеттер арасында жасалды.

Келісімнің негізгі ережелері, келесіге бағытталған:

Біріншіден, Тараптардың ішкі су жолдары бойынша кемелердің транзиттік өтуіне рұқсат беру тәртібін жеңілдету.

Атап айтқанда, Келісімде транзиттік өтуге арналған өтінімді қарау мерзімі – 10 күн (3-бап) және рұқсатты уәкілетті орган (РФ Көлік министрлігі) беретін болып белгіленді.

Келісімге қатысушы елдердің ішінде кемелердің транзиттік жүзуі тек Ресейдің ішкі су жолдарымен жүзеге асырылады.

Қазіргі кезде транзиттік өтуге рұқсатты Ресей Федерациясының Үкіметі береді және осы рұқсатты алу 3 айдан 6 айға дейінгі мерзімді қамтиды.

Негізінен жүктер Қара теңіз порттарынан қазақстандық порттарға (Ақтау, Құрық, Баутино, Атырау) Волго-Дон каналы арқылы жеткізіледі.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиевтің айтуынша Ресейдің ішкі су жолдары арқылы тек қазақстандық компаниялардың жеңілдетілген тәртіппен өту мүмкіндігі бар болғандықтан. Қазіргі уақытта Еуразиялық одаққа мүше емес Каспий маңы елдері (Азербайджан, Иран, Түркменстан) Каспий порттарынан Қара теңіз порттарына жүктерді тасымалдау үшін қазақстандық тасымалдаушыларды («Қазақтеңізкөлікфлоты», «OMS shipping») тартуға дайын екендігін білдіруде.

Біздің Ақтау және Құрық порттарының Транскаспий халықаралық көлік маршруты бойынша қабілеттілігі артады.

Келісімді қабылдаудың арқасында Ресейдің ішкі су жолдарымен транзиттік тасымалдың көлемін 2025 жылға қарай шамамен 250-300 мың тоннаға арттыру көзделуде.

Екіншіден, екіжақты тасымалдарды хабарлама тәртібіне ауыстыру      (3-бап).

Жыл сайын, 1 сәуірге дейін уәкілетті органдар екіжақты тасымалдарды жүзеге асыратын кемелердің алдын ала тізімдерін келісетін болады. Қажет болған жағдайда жыл ішінде бұл тізімге өзгеріс енгізу мүмкіндігі қаралған.

Бұл ретте, Келісім қабылданғаннан кейін қазақстандық тасымалдаушылар өзен тасымалдарын Ертіс бассейні шегінде ғана емес, Обь өзеніне дейін жүзеге асырады.

Сондай-ақ, Атырау, Астрахань, Волгоград порттары арасындағы екіжақты тасымалдарды жаңарту мәселесі пысықталуда.

2025 жылға қарай өзен тасымалдарының көлемін 1,5 млн. тоннаға дейін жеткізу болжанып отыр. 

Үшіншіден, Келісім тараптардың порттар қызметтеріне тең жағдайлар жасауын, сондай-ақ кеме және экипаж мүшелерінің құжаттарын өзара тануды (7-бап) көздейді.

Бұл бақылаушы органдардың кемелерді қарап-тексеру рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, келісімді іске асыру шеңберінде тараптар экипаж құрамына қойылатын талаптарды белгілеу бойынша жеке ведомствоаралық шарт қабылдауды жоспарлады.

Келісімді ратификациялау қосымша бюджет қаражатын қажет етпейді.

Осылайша, Депутаттардың қарауына ұсынылған «Кеме қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.