
2018 жылғы 29 қазан мен 1 қараша аралығында Мельбурн қаласында (Австралия) жыл сайынғы (IMARC) халықаралық тау-кен өндірісі саласының конференциясы мен көрмесі өтіп жатыр.
Министрлік атынан аталған Көрмеге Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев пен Геология және жер қойнауын пайдалану Комитеті төрағасының орынбасары Алмат Әбдікешев қатысуда.
Көрме барысында Тимур Тоқтабаев «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Кодексін жүзеге асыру тақырыбында баяндама жасады.
Ол геология және тау-кен өндірісі саласын дамыту Қазақстан үшін өте маңызды екенін атап өтті.
Бұдан бөлек вице-министр Қазақстанда жер қойнауын пайдалану саласында ауқымды деңгейде реформалар жүргізілгенін және оның нәтижесі ретінде 2017 жылы желтоқсан айында халықаралық ыңғайларға жауап беретін «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс қабылданғанын айтты.
Айта кетейік, 2017 жылғы өткізілген IMARC Көрмесі мемлекеттік және жеке сектордың әлемдік деңгейдегі жетекшілерін, соның ішінде 82 мемлекеттен келген 4100 делегация мүшелерін 33 халықаралық тау-кен өндірісі министрінің басын қосты.