
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар, инвестициялар тарту, экспортты дамыту және ілгерілету, сондай-ақ әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобалары қабылданды. Заң жобаларын Сенат депутаттарына ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр таныстырды.
Министрдің айтуынша, алтыншы шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің үшінші сессиясының ашылуында Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тікелей инвестицияларды тартуға және экспорттық өндірісті ынталандыруға басты назар аударылатынын айтқан болатын. Осыған байланысты Үкіметке арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар бойынша заңнаманы жақсарту тапсырылған.
Министр баяндамасында Заң жобаларының негізгі өзегіне тоқталды.
Индустриялық аймақтардың қызметін құқықтық регламенттеу. Заңнамада индустриялық аймақтар құрылғаннан қызмет атқарып, таратылғанға дейінгі барлық цикл қарастырылған. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қатысушыларына жер учаскелерін берудің жаңа механизмі енгізілді. Жер учаскелері басқарушы компанияларға уақытша пайдалануға беріледі. Ал, басқарушы компания ол учаскелерді аталған аймақтардың қатысушыларына өз еркімен бере алатын болады. Бұл механизм арнайы экономикалық және индустриялық аймақ қатысушыларының жер учаскелерін алу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді және түрлі рұқсат беру құжаттарын алуды жеңілдетеді. Сондай-ақ, министр Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларын қаржыландыру қарастырылып, жауапкершілігі бекітілгенін және қаржыландыру тек басқарушы компанияның 100 % акциялары мемлекетке тиесілі болған жағдайда ғана жүзеге асырылатынын атап өтті. Үкіметтің шешімі бойынша арнайы экономикалық аймақтардың қызмет ету мерзімін ұзарту мүмкіндігі қарастырылды.