«Омбы – Русская Поляна» жолы Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономикалық байланысының дамуына серпін береді

«Омбы – Русская Поляна» жолы Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономикалық байланысының дамуына серпін береді

Ресей Федерациясының Омбы облысында «Омбы – Русская Поляна» автомобиль жолын ашу салтанаты өтті. Ресми шараға Омбы облысының губернаторы Александр Бурков, Федералды «Росавтодор» жол агенттігі басшысының орынбасары Роман Новиков, сондай-ақ, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев қатысты.

Шара барысында сөз сөйлеген вице-министр Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономикалық байланысының дамуына серпін берілгендігін, екі ел арасындағы инфрақұрылымдық даму және ЕАЭО сыртқы шекарасымен шектесетін екі ел шекарасындағы өткізу пункттерін жаңғырту саласындағы өзара қарым-қатынас нығайып келе жатқанын атап өтті.

«Омбы – Русская поляна» магистралінің құрылысы 2018 жылы басталған болатын. Сібір өңірінің аумағында орналасқан 15,8 шақырымдық жаңа жол мемлекетаралық маңызға ие.

«Бұл көрші ел үшін де үлкен мәнге ие оқиға. Жол екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамытуда маңызды рөл атқарады. Ол екі елді көліктік-логистикалық тұрғыда байланыстыруда жаңа сапалы негіз болмақ», – деп атап өтті Берік Қамалиев.

 «Омбы – Русская поляна» жолы пайдалануға берілгенге дейін облыс тұрғындары Қазақстан аумағы арқылы өтетін жолдармен жүретін. Қазақ-орыс шекарасында демаркациялық жұмыстар аяқталған соң, аталмыш жол учаскесінде қозғалыс жабылатын болады. Ресей тұрғындары үшін бұл жолмен жүру мүмкіндігі 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартылды. Бұл жолшылардың айналма жолды салып үлгеруі үшін жасалуда.  

«Бүгін біз тарихи оқиғаға куә болып отырмыз. Біз маңызды жолды ашудамыз. Ол екі ауданды, екі елді байланыстырады. Бізді Қазақстанмен байланыстыратын жолда жүк тасымалдайтын көліктердің ағыны қарқынды. Сонымен қатар, бұл жолмен бір-біріне жақын адамдар, ағайын-туысқандар үнемі бір-біріне қонаққа барады», – деді Омбы облысының губернаторы Александр Бурков.

Өңір басшысы Қазақстан Республикасының басшылығы мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімін 3 жыл бойы көрші елдің аумағынан өтетін жолмен жүруге мүмкіндік бергендігі үшін алғысын білдірді.