Игісінов Төлеубай (1912 – 1987 ж.ж.) бұрынғы Амангелді ауылы, қазіргі Байқоңыр кеншарында дүниеге келген. Балалық шағы осы кеншарда өткен, мектептен соң хатшылық, бухгалтерлік жұмыстар атқарып жүріп, кейін Амангелді совхозы ауыл Кеңесінің төрағасы қызметін атқарып жүргенінде 1941 жылы әскер қатарына шақырылған. Әскерге шақырылғанға дейін, Байқоңыр төңірегенде геологиялық барлау-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген академик ағамыз Қ.И.Сатпаев Төкеңнің, алғырлығын, зеректігін, әрбір іске зейін қойып, оны тиянақты орындайтындығын байқап Москваға оқуға шақырған. Бірақ әке-шешесі жалғыз ұлдарының көз алдында жүргенін қалап, оқуға жібермеген.
Ұлы Отан соғысы жылдары 1-Украин, 1-Белорусь фронттарының құрамында алғы шепте байланысшы болған. Берлинді алу шайқасына қатысқан. Соғыстағы ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерен ерлігі үшін», «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлік еңбегі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» жауынгерлік, 5 мерекелік медальдармен марапатталған, сонымен қатар И.В.Сталиннің, В.Я.Жуковтың алғыс хаттарын алған.
Соғыстан кейінгі кезеңде Амангелді ауылдық Кеңесінің төрағасы болып қызмет істеген. 1946 жылы Үрлеш Кентайқызына үйленеді. Жұмыс бабымен Қарағандыға барып жүргенінде үлкен өндіріс орталығы және келешегі бар Жезқазған қала болады дегенді естіп, 1954 жылы ол кездегі Жезқазған жұмысшы кентіне (поселкасы) көшіп келеді, сол жылдың желтоқсан айында Жезқазғанға қала статусы беріледі. Сол жылдан бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін Жезқазған қаласында тұрды. 1972 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Еңбек Қызыл Ту орденді «Қазмысқұрылыс» трестінде жұмыс істеді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қарап отыра алмай, біраз жыл мемелекеттік Банк саласында да қызмет жасады. Еңбек еткен орындарында әкімшілік тарапынан бірнеше рет марапатталды.
Жұбайы Ү.К. Игісіновамен екеуі 3 қыз, 5 ұл тәрбиелеп өсірген. Қазіргі уақытта Үрлеш анамыз он жеті немере, жиырма екі шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Балаларының бәрін оқытып, жоғары білім алуға мүмкіндік жасады, барлығы да жоғары білікті мамандар және алған мамандықтарына сәйкес республикамыздың әрбір қалаларында әр түрлі салада қызмет етіп жүр.Немерелері де жоғары білімді, еліміздің әр түрлі салаларында жұмыстарын атқарып жүр, егеменді еліміздің бақытты жастары, келешегі!
Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Игісінов Төлеубайдың есімі Ұлытау-Байқоңыр және Жезқазған өңіріне кеңінен танымал. Ол кісі сергек рухты, кербез мінезді, сыпайыгершілігі мен адамгершілігі мол, алдына айқын мақсат қоя алатын жандардың санатынан еді. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысына қатысқандығының әсерінен болу керек әскери жинақылығымен, ер жігіттей икемділігімен ерекшеленетін.
Майдан даласында қан кешіп, 45-тің көктемінде әрбір шаңыраққа жеңіс сыйлағандардың қатарында, ел жұртшылығы алдында ары таза.
Ал қазіргі уақытта жастарымыз, жалпы халқымыз адамзат баласына қайғы мен қасірет әкелген сұрапыл соғысты әрқашан есте сақтаған абзал. Демек, өз өмірлерін таза да абыройлы еңбекке арнағысы келетін бүгінгі жастар мен ертеңгі ел азаматтарына үлгі алып, өнеге тұтатын, теңелетін адамның бірі де бірегейі еді.
Автор: Баласы - Игісінов Жанат Төлеубайұлы - ҚР ИИДМ ИДӨҚК қара металлургия және көмір өнеркәсібі басқармасының жетекшісі