
Менің Молша бабам туралы (1870-1946 ж.ж.)
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75-жылдығына орай бабаларымды еске алуды жөн көрдім.
Менің үлкен атам Молша бабам халқын сүйген, еліміздің дамуына, көркеюіне зор үлес қосқан, елінің патриоты болған. Ол кісі 1870 жылы туған. Әкесінің аты – Шағала. Туып-өскен жері – атақты Сарыарқаның Баянауылы. Ол төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген, үлкен ұлы – Ыбырай, Бәкен, Омар, Жаңабай және қызы – Күлшім.
Өзіміздің есімізге түсетіні– атақты жерлесіміз, Баянауылдың азаматы, жазушы, Қалмұқан Исабаевтың очеркі. Ол «Қазақ әдебиеті» газетінің 1969 жылғы 8 наурызында 10-нөмірде жарық көрді. Атауы – «Большевик Молша». Басқа басылымдарда кейінгі атауы «Лена қырғынында болған баянауылдықтар» делініп де берілді. Онда жазушы ағамыз келесі мәліметтерді келтірген.
Молша атамыз заман талабымен 1912 жылдары Ресейдің Омбы, Иркутск, Чита қалаларында болған. Кейіннен 1915 жылдары Екібастұзда жұмыс атқарған. Совет Үкіметі орнағаннан кейін ауылдастарымен бірігіп 1929 жылы серіктестік құрған.Оны құруға Молша атамыз бір түйе, екі өгіз, бір сиыр қосқан. Одан кейін, 1936 жылы «Үшінші бесжылдық» колхозына айналған. Үлкен ұлы– Ыбырай, осы колхоздың бірінші төрағасы болған.
Еңбегінің арқасында жиған-тергені көбейген. Жылқы малын асырауға көп көңіл бөлген. Мемлекетімізді нығайтуға, қорғанысын кұшейтуге 1939 жылы Совет Одағының Қорғаныс министрі К.Е. Ворошиловқа хат жазған. Онда екі арғымақ өсіріп жатқанын айтқан. Хатына «Большевик Молша» деп қол қойған.
1940 жылы КСРО-ның Бүкілодақтық ауылшарушылық көрмесіне қатысып, Мәскеуге екі атын ала барған. Екеуіне де «Баян» деген ат берілген. Аттарының жоғары баға алғандығы сонша, КСРО Байланыс Халық Комиссариаты сол жылы Молша атамның аттары бейнеленген пошта ашық-хатын (открытка) шығарған. Еңбек Қызыл Ту орденімен мараппаталды, оны Бүкілодақтық староста М.И. Калининнің қолынан алды.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталды. Үш ұлы Бәкен, Омар, Жаңабай соғысқа аттанды. Ал үлкен ұлы Ыбырай тылда колхоз басшылығында қызмет атқарды. Қызыл Армияға киім-кешек, тамақпен қамтамасыз ету мақсатында маңдай терін төкті, қарттарға, бала-шағаға қамқор бола білді.
Бүкіл совет халқы жауды жеңуге кірісті. Оның ішінде ел-жұрт боп,танк колоннасын құруға жұмылдырылды. 1942 жылдың күзінде осы іске Молша атамыз 50 000 сом қаржы қосты. КСРО-ның басшысы И.В. Сталинге былай деп хат жазды:
«Мен танк колоннасын жасауға белсене қатысуды өзімнің азаматтық борышым деп санаймын. Танк колоннасын жасауға берген қаржымның әр сомасы қаныпезер фашистердің басына оқ боп жаусын.
Сәлеммен, большевик Молша».
Көп кешікпей, Молша атама Жоғарғы қолбасшы И.В. Сталиннен жауап жетті:
«Қызыл Армияның бронетанк күшіне көмегіңіз үшін сізге, Шағалин жолдас, алғыс айтамын. Өзімнен сәлем, Қызыл Армиядан алғыс қабылдаңыз.
Сталин».
Молша атамыздың тылда жүріп жасаған ерлігі, империя басшысынан алғыс алуы зол заманның ерекшелігі мен қиындығын білдіреді.
Молша атамыздың елдің нығаюына, егемедігіне, болашағына жұмсаған күш-жігері, оның шын патриоттығын, ондай істер екінің бірінің қолынан келмейтіндігін көрсетеді.
Баянауыл аудандық «Ленин туы» газеті 1944 жылдың 9 май күнгі санында Молша қарттың соңғы он жыл ішінде колхоз құрылысын нығайта түсуге өз тарапынан 70 саулық, 4 бұзаулы сиыр, 6 өгіз, 2 түйе, 34 жылқы бергенін айтады.
Молша атамның ұрпақтары қазіргі кезде Қазақстан Республикасының түрлі салаларында қызмет жасап, еліміздің көркеюіне, биік белестерге жетуіне өз үлестерін қосуда.
Шөбересі Н.С. Ыбыраев 05.05.2020 жыл
Автор: Молшина Меруерт Оралқызы ҚР ИИДМ қызметкері