

Менің атам Рахим Рамазанов 1914 жылы Ақмола облысындағы Ерейментау ауданында дүниеге келген. 27 жасар атам майданға 114-ші мотоатқыштар полкінің инженерлік-саперлік ротасына ефрейтор ретінде шақырылған болатын. Майдан шебінде ол Сталинград және басқа да ірі қалаларды азат ету ұрыстарына қатысты. Соғыс жылдарында сарбаз Рамазанов ерлігі үшін екі Қызыл Жұлдыз орденімен, 2-ші және 3-ші дәрежелі Даңқ ордендерімен, көптеген медальдермен, ал Украина, Польша және Чехословакия елдерін азат еткені үшін Жоғарғы бас қолбасшы И. В. Сталиннің 16 алғыс хатымен марапатталған. Ол өзін батыл да ержүрек барлаушы ретінде көрсете білді. Маңызды деген барлау шараларына қатысты.
Өкінішке орай, жанұямыздың бас азаматы ауыр кеселдің кесірінен 1985 жылдың 5 мамырында өмірден озған болатын. Біз – Рахим Рамазановтың балалары, немерелері мен шөберелері батырымыздың ерлігін мақтан етіп, оның бейбіт күнге қол жеткізуге қосқан сүбелі үлесін мәңгі қастерлейміз.
Нұргүл Рамазанова – ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің бас маманы