«Балдәурен» орталығының оқушылары әскери инженерлердің жұмысымен танысты

«Балдәурен» орталығының оқушылары әскери инженерлердің жұмысымен танысты

Қорғаныс министрлігі балалар мен оқушыларға әскери-патриоттық тәрбие беруде жоспарлы жұмыс жүргізіп келеді. Осы мақсатта тиісті инфрақұрылым дамып, әскери бөлімдердің білім беру мекемелерімен байланысы арту үстінде.

Қонаев гарнизонының 58012 әскери бөлімі «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының тәрбиеленушілеріне арнап ашық есік күнін өткізді. Инженерлік-саперлік бригадаға үш жүз оқушы келді. Оның 32-сі Өскемен гарнизоны әскери қызметшілерінің балалары.  

Балалардың назарына қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи үлгілері ұсынылды. Балалар казармада, асханада және оқу сыныптарында болды. 

Оқушыларға инженерлік барлау жүргізу тәсілдері көрсетіліп, жарылғыш миналарға тосқауылдар, өткелдер қалай жасалатыны, жолдардың қалпына келтірілуі айтылды. 

– Әскерге баратын жасқа жетпеген жастармен кездесулер әскердің тыныс-тіршілігін, әскери қызметшілердің қандай міндеттерді атқаратынын білуге мүмкіндік береді. Оқушылар әскери мамандыққа құрметпен қарайды және Отанды қорғаудың маңыздылығын түсінеді, – деді 58012 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары подполковник Дастан Кәрімов. 

Қорғаныс және Оқу-ағарту министрліктері арасындағы меморандумға сәйкес ведомстволар әскери-патриоттық бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Ынтымақтастық аясында жарыстар мен концерттер, экскурсиялар мен кездесулер ұйымдастырылуда. Онда жасөспірімдерге әскери істің негіздері және түрлі әскери мамандықтар бойынша кең ақпарат берілуде.