Қазақстан Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары әзербайжандық әріптесімен кездесті

Қазақстан Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары әзербайжандық әріптесімен кездесті

Алматыға Әзербайжан Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Әзербайжан армиясы Бас штабының бастығы генерал-полковник Керим Велиев ресми сапармен келді. 

Дәстүр бойынша шетелдік мейман 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақтағы Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Ол сондай-ақ, Алматыдағы Қарулы күштер Мемлекеттік әскери-тарихи музейінің филиалында және Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығында болды.

Сапар аясында Қазақстан Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас  штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдиновтың генерал-полковник Керим Велиевпен жұмыс кездесуі өтті. Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады.

Қазіргі сәтте Жетісу облысындағы «Көктал» оқу-жаттығу полигонында Қазақстан мен Әзербайжан десантшыларының қатысуымен «Алтын қыран-2024» халықаралық тактикалық-арнайы оқу-жаттығуы өтуде. Оның белсенді кезеңін Қазақстан Қорғаныс министрлігінің басшылығы мен Әзербайжан әскери делегациясының өкілдері бақылайтын болады.