ҚР Қорғаныс министрі Абай өңірлік гарнизонында болды

ҚР Қорғаныс министрі Абай өңірлік гарнизонында болды

Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов еліміздің шығыс өңіріне жұмыс сапары барысында бірқатар әскери бөлімдер мен нысандарда болды.

Қорғаныс министрінің Абай өңірлік гарнизонына сапары 74884 әскери бөлімі аумағындағы объектілер құрылысының барысымен танысудан басталды.

Содан кейін генерал-полковник Руслан Жақсылықов түраралық оқу полигонының әскери міндеттілер бақылау ату жаттығуларын орындап жатқан әскери атыс алаңына аттанды. Бұл кезде атқыштар кешенінде 35411 әскери бөлімінің әскери міндеттілерден жасақталған мотоатқыштар ротасының «Рота қорғаныста» тақырыбында роталық тактикалық оқу-жаттығуы өтіп жатқан.

 Оқу полигонының танкодромында министр механикаландырылған бригадаға бекітілген резервтегі әскери міндеттілердің қатысуымен өтіп жатқан екі сатылы командалық-штабтық оқу-жаттығудың барысын қадағалады. Сонымен бірге қорғаныс ведомствосының басшысы 35411 әскери бөлімінің жауынгерлік машиналар паркін де қарап шықты.

Әскери жиында әскери борышын үлгілі орындағаны үшін Қорғаныс министрі ең үздік әскери міндеттілерге жазушы Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабы мен қол сағаттарын естелікке табыс етті.

Естеріңізге сала кетейік, 18 шілде мен 16 тамыз аралығында Абай гарнизонында әскери міндеттілердің 30 күндік әскери жиыны өткізіледі.

Семей қаласында генерал-полковник Руслан Жақсылықов әскери госпитальға барды. Содан кейін «Семей инжиниринг» АҚ зауытында болып, қорғаныс және азаматтық мақсаттағы өнімдерді әзірлеумен, өндірумен, жөндеумен және қызмет көрсетумен айналысатын кәсіпорын басшылығымен кездесті.