Спорттық рота әскерге шақырушылармен толықты

Спорттық рота әскерге шақырушылармен толықты

Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының Спорттық ротасын түрлі олимпиадалық спорт түрлерінен еліміздің ұлттық құрама мүшелері, әлем чемпионаттарының, Азия ойындарының және басқа да халықаралық турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері толықтырды.

2020 жылғы шақыру аясында спорттық ротасының құрамы 24 спортшыға толықты. Олардың қатарында 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2019 жылғы Азия чемпионы, еркін күрестен халықаралық санаттағы спорт шебері Нұрқожа Қайпанов, 2018 жылғы әлем чемпионаты мен 2017 жылғы жабық күйде өткізілетін жекпе-жектен қола жүлдегері, грек-рим күресінен халақаралық санаттағы спорт шебері Айдос Сұлтанғали, 2019 жылғы республикалық және халықаралық турнирлардың чемпионы, көкпардан ҚР спорт шебері Дарын Сауқымбек және басқалар да бар.

 «Біз –Дәулет Тұрлыханов, Анатолий Храпатый, Владимир Смирнов, Ольга Рыпакова, Серік Сәпиев секілді есімдері аңызға айналған армия спортшылары, олимпиада мен әлем чемпиондарының дәстүрін жалғастыратын жаңа буынбыз. Мен, Бүкіләлемдік әскери ойындарында және басқа да бастамаларда  Қазақстан Қарулы Күштерінің дайындығы жоғары деңгейде екенін көрсетеміз деген ойдамын», - деп спортшы Айдос Сұлтанғали өз ойымен бөлісті.

Спорт комитеті төрағасы - ҚР Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының бастығы Айталап Қорғамбаев әскерге шақырушылармен алғашқы кездесу өткізіп, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуына ерекше назар аударуды тапсырды.

Спорт ротасында әскерге шақырушылар жалпыәскери жарғыларды зерделеп, саптық және  ату дайындығын басынан бастап пысықтап, Қазақстан Қарулы Күштерінің тарихымен тереңірек танысатын болады. Дайындықтың бәрінен өткеннен кейін сарбаздар әскери ант қабылдау рәсімінен өтетін болады.