
Жеңіс күні Ұлттық қорғаныс университетінің өкілдері Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Сердюковты құттықтап барды.
ҚР Ұлттық қорғаныс университеті бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Самат Төлепбаев майдангерге Қорғаныс министрінің алғыс хатын табыс етіп, жауынгерлік ерлігі мен Жеңіске қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
Василий Антонович Сердюков 1926 жылы 21 қарашада Ақмола облысы, Сталин ауданы, Богданов ауылында дүниеге келген. Мектепте немере ағасы екеуі авиация немесе танк мектебіне оқуға түсуді армандайтын. Бірақ соғыс олардың бұл арманын өзгертіп жіберді. Олар 1943 жылы әскерге шақырылып, Саратов облысындағы сержанттар дайындайтын училищеде оқыды. Алты айдан соң жас сержанттар майданға аттанады.
Василий Сердюков Минск мен Варшаваны азат етіп, Висла, Одер, Шпрее өзендері маңындағы шайқастарға және Берлинді алуға қатысты. Соғысты 2 мамырда Рейхстаг қабырғасында аяқтады. Өкінішке орай, Василий Сердюковтың ағасы бұл күнді көре алмады. Ол Берлинге 90 шақырым жердегі Зеловск биіктігіне шабуылда қаза тапты.
Ардагердің әскери еңбегі "Варшаваны алғаны үшін" медалімен және басқа да мерейтойлық наградалармен атап өтілді.
1946 жылы әскерден босаған Василий Антонович Новосибирск теміржол көлігі әскери инженерлер институтын бітіріп, Қарағанды теміржолына қызметке тағайындалды. Көлік логистикасына байланысты әртүрлі лауазымдардағы жұмыс тәжірибесін ескере отырып, Василий Сердюков Көкшетау және Целиноград станцияларының бастығы болды. Содан кейін ол жол-техникалық мектепте теміржол көлігі үшін кәсіптік кадрларды даярлауды басқарды.
Бүгінде Василий Антонович жиенімен бірге тұрады. Әскери қызметшілердің құттықтауын жылы қабылдаған ардагер оларға алғыс білдірді.