
19 сәуірде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды.
Ол өзгерістер мен толықтырулар «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының қорғанысы мен Қарулы Күштері туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдарға қатысты. Заңнамалық акт әскери-медициналық кадрларды дайындауды жетілдіруге және әскери дәрігердің мәртебесін арттыруға бағытталған.
«Қазақстан Республикасының Қорғаныс және Қарулы Күштері туралы» ҚР Заңында «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери медицина мамандарын дайындау қағидаларын» бекіту жөніндегі Қорғаныс министрінің құзыреті айқындалған. Өкілеттік ағымдағы жағдайды ескере отырып, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру және әскери интернатура бағдарламалары бойынша әскери медицина мамандарын дайындауды реттеуге мүмкіндік береді.
Әскери резидентурада жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру бағдарламасы бойынша әскери қызметшілерді дайындау мәселесі заңнамалық түрде шешілді. Осылайша, әскери-медициналық мекемелерде кіші мамандықтағы дәрігерлер саны артатын болады. Үздіксіз интеграцияланған медициналық білім беру бағдарламасының бесінші курсын аяқтаған соң курсанттарға алғашқы офицерлік атақ беріледі.
Заңда медициналық немесе фармацевтикалық білімі бар, әскери кафедрада оқымаған, мерзімді әскери қызмет өткермеген немесе әскери-техникалық мектепте оқымаған азаматтардың келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруі де көзделген.
Келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге құқығы бар азаматтар контингентін кеңейту әскери-медициналық мекемелердің білікті кадрлармен жасақталуын арттыруға ықпал ететін болады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді әскери дәрігерлер қызметтен бос уақытында азаматтық денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық қызмет көрсетуге рұқсат алады. Бұл тәжірибе алмасуға және әскери-медициналық мамандардың практикалық дағдыларын жетілдіруге ықпал етеді.
Бұдан бөлек әскери қызметшілерді бөлінген ақшалай қаражат лимит шегінде медициналық көрсеткіштер бойынша оңалту үшін санаторлық-курорттық ұйымдарға жіберуге мүмкіндік беретін норма маңызды қосымша бола алады.