
Қорғаныс ведомствосының әскери қызметшілері арасында волейболдан чемпионаттың қорытындысы шығарылды.
Волейболдан Қорғаныс министрлігінің дәстүрлі чемпионаты ҚР Қарулы күштерінің XIV спартакиадасы аясында өтті. Волейболда жеңіске жету үшін Қорғаныс министрлігінің құрылымдық бөлімшелері мен ҚР Қарулы күштері Бас штабының атынан 35 команда құрамында 350-ден астам әскери қызметші бағын сынады.
Бірінші топтың тартысты сайысында Радиоэлектронды күрес департаменті көш бастады, "күміс" – Арнайы техникалық әзірлемелер бас басқармасының волейболшыларына бұйырды, "қоланы" – Әскери-ғарыштық бағдарламалар орталығының командасы еншіледі.
Бас басқармалардың ішінде Тыл бастығы басқармасының әскери қызметшілері үздік атанды, екінші орынды Әскери полиция бас басқармасының командасы олжалады, Қару-жарақ бастығы басқармасының спортшылары үшінші тұғырдан көрінді.
– Волейболдан жарыстар командалық ойын дағдыларын қалыптастыруға, әскери қызметшілерді салауатты өмір салтына тартуға, дене шынықтыру мен спортты насихаттауға бағытталған. Әскери қызметшілер тартысты ойын мен жақсы техника көрсетті, – деп атап өтті Қорғаныс министрлігі аппаратының басшысы полковник Русланбек Бекжігітов.
Турнирдің үздік ойыншылары болып капитан Дәуренбек Жұмабеков (Тыл бастығы басқармасы), 3-сыныпты сержант Ерлан Әубәкіров (Арнайы техникалық әзірлемелер бас басқармасы), майор Темужин Әжібеков (Радиоэлектрондық күрес департаменті) танылды. Бірінші дәрежелі қорғаушы атағына аға лейтенант Ренат Сәкенов (Әскери-ғарыштық бағдарламалар орталығы) және подполковник Валентин Шишковский (қару-жарақ бастығының басқармасы) ие болды. Үздік шабуылшы атағы 3-сыныпты сержант Мәдениет Ахметжанов (әскери полицияның Бас басқармасы) берілді.
Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубоктармен, медальдармен және дипломдармен марапатталды.