
ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы, қазіргі ахуалы және даму бағыттары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Аумақтық қорғаныс департаментінің бастығы – ҚР Қарулы күштері Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Серік Борамбаевтың басшылығымен өткен іс-шара курстық дайындық аясында ұйымдастырылды. Отырыстың өзектілігі жауынгерлік әлеуетті арттырудың және елдің аумақтық қорғанысының жақсы реттелген жүйесін ұйымдастырудың маңыздылығына байланысты.
Дөңгелек үстел барысында үш мәселе қарастырылды: аумақтық қорғанысты дамыту, нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу және осы саладағы істердің жай-күйі. Дөңгелек үстелге қатысушылар «Қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардағы аумақтық қорғаныс, түрлену мүмкіндігі және даму жолдары», аумақтық қорғаныс қағидаларын және аумақтық әскерлерді қолдану қағидаларын әзірлеу, оларды жабдықтау нормаларын қайта өңдеу, аумақтық қорғаныстың жай-күйі, аумақтық қорғанысты басқару жүйесіндегі жергілікті атқарушы органдардың рөлі мен орны туралы баяндамаларды тыңдады.
Генерал-майор Серік Борамбаев әкімдердің әскери қауіпсіздік пен қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшілеріне тапсырмалар бере отырып, аумақтық қорғаныс бригадаларын сержанттық және қатардағы жауынгерлер құрамымен жасақтау мәселесі бойынша жергілікті әскери басқару органдарымен өзара іс-әрекетті ұйымдастыру қажет екенін айтты. Одан өзге инфрақұрылымды дамыту және аумақтық қорғаныс бригадаларын радиостанциялармен, оптикалық аспаптармен, бронды кеудешелермен, каскалармен және инженерлік мүлікпен материалдық-техникамен жабдықтау қорларын құру жұмыстарын жалғастыру қажет екенін алға тартты.
– Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов нормативтік-құқықтық базаны қабылдауды жеделдету, материалдық-техникалық жабдықтау қорларын алу басымдықтарын және әскери міндеттілерді жауынгерлік даярлау міндеттерін айқындау міндетін қойды, – деді Аумақтық қорғаныс департаментінің бастығы.
Айта кетейік, Аумақтық қорғаныс департаменті 2023 жылы нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру бойынша айтарлықтай жұмыс атқарды. Парламент Мәжілісінің алты комитетінде оң қорытынды алған аумақтық қорғаныс туралы заң жобалары мен ілеспе заңға тәуелді актілер әзірленді. Үкіметтің қаулысымен Аумақтық қорғанысты дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді, онымен қоса әкімдіктер құрылымында бірыңғай жұмыс органы –«жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасын» құру мақұлданды.