
ТЖ режимі жарияланған аудандардағы су тасқыны жағдайын ескере отырып, Қарулы күштер әскери қызметшілерінің су басу салдарының алдын алу және жою жөніндегі жұмыстарға қатысуы кеңейтілуде.
Өткен тәулікте оған 1 239 әскери қызметші, 87 бірлік автокөлік техникасы, 4 тікұшақ және 2 әскери-көліктік авиация ұшағы жұмылдырылды. Әуе жолымен 60-тан аса адам және 18 400 келі жүк тасымалданды. 33 000-нан аса құм салынған қап дайындалып, оларды төсеу жүргізілді.
Қорғаныс министрлігі Ақмола облысының жарықсыз қалған ауылдарына 12 дизель және бензин генераторын бөлді. Жарқайың ауданы Далабай, Тассуат, Тасөткел елді мекендерінің және Есіл ауданы Заречное ауылының тұрғын үйлері, әкімшілік және шаруашылық объектілері электр энергиясымен қамтамасыз етілді.
Ақтөбе облысындағы Ойыл өзенінде 58012 әскери бөлімінің әскери қызметшілері ұйымдастырған паром өткелімен 264 тұрғынды эвакуациялау және 15 тоннаға жуық жүк тасымалдау жүзеге асырылды. Жалпы, 6 сәуірден бастап қатынастың бұл түрін 652 адам пайдаланды, 19,5 тонна азық-түлік, мал азығы және тұрмыстық заттар тасымалданды. Өңірде қапшықтарды құмға толтыру және оларды Садовое ауылында, Ақтөбе қаласындағы кірпіш зауытының ауданында төсеу жұмыстары жалғасты. Іс-шараларды 30238, 20709 әскери бөлімдерінің жеке құрамы орындады.
Батыс Қазақстан облысы аумақтық қорғаныс бригадасының 90 әскери қызметшісі Орал қаласының Шаған ауданында Жайық өзенінің арнасын нығайту үшін 500 қапқа құм толтырды.
Қостанай облысы аумақтық қорғаныс бригадасының 30 әскери қызметшісі Қостанай ауданы Тобыл қаласының маңындағы жағалауды нығайту жұмыстарына жұмылдырылды. Тобыл өзенінің жағасында олар 1700 қап құм дайындап, төседі.
Солтүстік Қазақстан облысының Заречный ауылында аумақтық қорғаныс бригадасының отыз жауынгері Есіл өзенінің бөгетін нығайту үшін 1200 қап құм дайындады. Астанадан келген 68665 әскери бөлімінің 300-ден астам әскери қызметшісі жұмысқа қосылды. Қызылжар ауданының Бескөл ауылында олар еріген суларға тосқауыл қойып, ағынның арнасын бұруға атсалысты.
Маңғыстау облысы әкімінің қаулысы бойынша Бейнеу ауылының 160-тан астам әскери міндеттілері аумақтық қорғаныс бригадасына барды. 41433 әскери бөлімінің әскери қызметшілерімен бірге олар Атырау облысының Құлсары қаласындағы бөгеттің периметрі бойынша су бұрумен және қаптар қоюмен айналысты. Жем өзенінің арнасын кеңейту мақсатында «Батыс» ӨңҚ жару командасы мұзды бұзды.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінің жеке құрамы Құлсары қаласы мен Қарабау елді мекеніндегі су басқан жерлерде су тасқынына қарсы іс-шараларды жалғастырды.
27 наурыз бен 8 сәуір аралығында барлығы 2 697 әскери қызметші, 155 бірлік автомобиль техникасы, 11 тікұшақ, 4 әскери-көліктік авиация ұшағы жұмылдырылды. Су басу орындарынан 2 355 адам эвакуацияланды, оның 743-і балалар. 102 000 келідей гуманитарлық жүк тасымалданып, 156 000-нан аса қап құм толтырылып, төселді.