«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 31767 әскери бөлімінде Абай облыстық мәслихатының депутаты, Қазақстан балуандары арасында бірінші «Әлем барысы» атағына ие болған Айбек Нұғымаровпен кездесу өтті.
Аты аңызға айналған спортшымен кездесуге Шығыс өңірінің әскери прокуроры әділет полковнигі Данияр Бөпежанов, Шығыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының бастығы подполковник Досжан Мамырбаев және Абай өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасының бастығы подполковник Атырау Топышев қатысты.
54835 және 31767 әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері, әсіресе жас сарбаздар, атақты балуанмен кездесуге ерекше қызығушылық танытты. Айбек Нұғымаров әскери қызметшілерге өзінің спорттағы жетістіктері туралы ғана емес, табысқа жету жолында тап болған қалтарыстар жайлы да айтып берді. Чемпионның жетістікке жетуінің құпиясы – күнделікті қажырлы еңбек, жаман әдеттерден бас тарту және мақсатқа жетуге деген үлкен ұмтылыс.
– Танымал спортшымен кездесу сондай жарқын әсер қалдырды, біз үлгі алатын адам. Айбек Нұғымаров – қазақстандық спортты халықаралық аренада дәріптеген еліміздің нағыз патриоты, – деді мерзімді борышын өтеп жүрген қатардағы жауынгер Ардақ Жасқадыров.
Командирлер атап өткендей, мұндай кездесулер жас сарбаздарды ынталандырып, жігерлендіру үшін аса маңызды.