Алматыда Қарулы күштердің азық-түлік қызметтерінің басшылармен жиын өтті

Алматыда Қарулы күштердің азық-түлік қызметтерінің басшылармен жиын өтті

Оқу-әдістемелік жиын Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтында өтті.

Оған Қарулы күштер түрлерінің, әскер тектерінің, арнайы, оқу және медициналық бөлімшелердің азық-түлік қызметтерінің 140-тан аса бастығы қатысты. Сабаққа сонымен қоса институттағы тыл кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы және тыл мамандықтарын меңгерген 4 курс курсанттары тартылды. 

Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Қаныш Әбубәкіров жиынға қатысушылармен кездесті. Әскерлердің жауынгерлік қабілетті жағдайын сақтаудағы тылдық қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, азық-түлікті есепке алу және оның сапасын бақылау жүйесін жетілдіру бойынша бірқатар міндеттер қойды. 

– Жиын тәжірибе алмасу және тыл құрылымдары офицерлерінің кәсіби дайындығын арттыру тұрғысынан пайдалы болды. Оған қатысқандар бүгінде көптеген рәсімдерді едәуір жеңілдетіп, тамақтануды ұйымдастыру тәртібін біртұтас түсінуге ықпал ететін цифрлық технологиялармен танысты, – деп атап өтті ҚР Қарулы күштердің Тыл бастығы полковник Арман Мансұров.

Әскери қызметшілер азық-түлік қызметтерінің жұмысын ұйымдастырудың негізгі мәселелерінен басқа тамақ дайындаудың далалық техникалық құралдарымен, оларды есепке алу және пайдалану ережелерімен танысты. 

«Қазақстан ГАЖ Орталығы» АҚ мамандары офицерлерді қойма қорларын басқарудың ішкі жүйелерімен жұмыс істеу тәртібінен хабардар етті. Алматы өңірлік гарнизонының әскери полиция өкілдері азық-түлікпен қамтамасыз ету саласында сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылықтарға жол бермеу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жиынды ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай сабақтар басқа тылдық қызметтердің бастықтарына да ұйымдастырылатын болады.